БАТЫРХАН БАПТАҒАН БАҺАДҮР ЖҮЙРІКТЕР

0

2004 жыл. Жаз мезгілі. Кенен Әзірбаевтың 120 жылдығы ақын атындағы атшабарда республикалық деңгейде аталып өтіп жатты. Елге белгілі атқамінер азаматтар, өнер жұлдыздары келіп, жүздеген үй тігіліп, тойды тамашалауға алыс-жақыннан ағылған жұрт Кенен ауылына асықты. Осы орайда қазақи дәстүрге сай өткен бәйге баршаның қызығушылығын тудырып, кезек құнан жарысына берілген болатын.

…Қырыққа жуық құнан тізбектеліп, жарыс жолына түсті. Айқайға салып, атойлап қиқулаған жанкүйерлердің қарасы қалың. Көзді ашып-жұмғанша он сегіз шақырымдық қашықтықтың жартысы артта қалды. Екінші айналымнан кейін тұлпарлар топқа бөліне бастады. Алдыңғы екі топта оншақты жүйрік бар. Бұлар қазақ елінің маңдайға біткен шын тұлпарлары еді. Солардың арасында тура оқ бойы қаракөк тұлпар қара үзіп, жалғыз өзі келеді. «Міне тұлпар», «Жібер аттың басын», «Шап-шап» деген жанкүйерлердің жанайқайы шығуда. Мәреге жеткенше қиқу басылмады. Соңғы айналым. Қаракөк тұлпар әлі де жеке дара келеді. Міне, мәре сызығын кесіп өтті. Көрермен қуанышында шек жоқ. Өйткені ол тұлпар Кенен ауылының атбегісі Батырхан Рысбековтың «Фирдауси» атты сәйгүлігі еді. Сондай-ақ, бұл Батырханның алғашқы ұтқан автокөлігі болатын.

Батырхан бала күнінде нағашы атасына қызығып өседі. Өйткені атасы атбегіліктің қыр-сырын жетік меңгерген жан еді. Тұлпар көрсе жаны тыныш тұрмайтын бала Батырханның атқа деген қызығушылығын атасы байқап жүреді. Содан күндердің бір күнінде немересіне қорасынан ұнаған тұлпарын сыйға тартатынын айтады. Мұның себебі де жоқ емес. Қаншалықты ат танитынына көз жеткізгісі келгені ішінде еді. Атасынан сыйға алған тұлпарын баптауға Батырхан жан тәнімен кіріседі. Ол кезде ол небәрі 15 жаста болатын. Баптаған тұлпарын алғаш рет сынға қосып, сол жарыстан жүлделі оралады. Мектепті аяқтаған соң өзгелер секілді арман қуып Алматы қаласына аттанады. Жігітке жеті өнер де аз демекші, Батырхан бала күнінен қазақ күресіне құмар, спортты жақсы көретін. Сондықтан болар, бала арман оны спорт институтынан бірақ шығарады. Студент шағында қазақ күресінен түрлі жарыстарға қатысып, жүлдегер атанғаны тағы бар. Осы уақыт арасында ат баптау өнерінен біршама уақыт алыстағанымен көңіл түпкірінде ата кәсіпке бір ораламын деген мақсат та жоқ емес еді. Төрт жылдан кейін қолына дипломын алған жас маман туған жеріне оралып, ауыл мектебіне жұмысқа орналасып, сонымен қатар қазақ күресіне ауылдың қара домалақтарын үйрете бастайды. Дейтұрғанымен, атбегілікті арман еткен кейіпкеріміз араға төрт жыл салып ата кәсіпке қайта оралады. Осылайша ол қолда бар қаржыға жылқы алып, ат баптаудың алғашқы қиындықтарын еңсере бастайды. Жолында қаншама қиындықтар кездескенімен, еш мойымай арман жолында тер төгеді. Бұл кезде қазақ даласында «Миллион» есімді жүйріктің аты дүркіреп тұрған болатын. Ол күллі қазақ атбегілеріне белгілі Дегерестен шыққан Нәркен ақсақалдың жылқысы еді. Талайлар қызыққан тұлпардың құны да қымбат болатын. Десе де, Батырхан Сабырханұлы бар жиған-тергеніне осы сәйгүлікті сатып алады. Міне, осы «Миллионнан» оның мақсатына жетер жолы басталады. Ол үйіріне қосылған тұлпардан тұқым алуды көздейді. Осылайша, сол жылдың көктемінде биелері құлындап, арасында жүйрік шығарлары да болады. Дейтұрғанымен, құлыннан қыл құйрықты жүйрік шығару қиынның қиыны екені белгілі. Ол үшін әуелі қомақты қаражат пен оның өсіп жетілгенінше біршама жылдар қажет. Үйірін көбейтіп, қыл құйрықтылардың азығын молайту үшін ол көзге түскен құлындарын сатуға бел шешеді. Арада біраз уақыт өтіп, жылқыларының саны да көбейеді. Батырхан сәйгүліктері сынға әбден шыныққаннан кейін бәйгеге ат қосатын кезі келгенін сезеді. Әуелде шағын ат жарыстарда тәжірибе жинаған ол өз ауылында өтетін алғашқы үлкен бәйгеге тұлпар қосады. Бұл мақаламыздың басында суреттеген Кенен Әзірбаевтың 120 жылдығына арналған бәйге еді. Бағана айтқан «Миллионнан» туған тұлпары осы бәйгенің құнан жарысынан топ жарады. Осылайша, алғашқы үлкен бәйгесінің бас жүлдесін қанжығасына байлаған Батырхан Рысбековтың аты алыс-жақынға тарайды. Осы уақытқа дейін бәйгеден ұтқан жүлделерін тізбектеу әрине мүмкін емес. Десе де кең көлемде өткен бәйгелерге тоқталып өткенді жөн көрдік. Алматыдағы Көкбастауда өткен Д.Қонаевтың 100 жылдығына арналған бәйге ел есінде әлі бар шығар. Негізінде Көкбастау ипподромы тек көлемді жарыстар өткізетіні баяғыдан белгілі. Сол бәйгенің бас жүлдесіне тігілген көлікті Батырхан мырзаның бабы мен бағы қатар шапқан тұлпары ұтады. Сондай-ақ, Кебекбай шешеннің асына арнайы берілген бәйгенің бас жүлдесін алады. Кейіпкеріміз тек оңтүстік емес еліміздің солтүстік, орталық, батыс өңірлеріне де аяқ басып, ауданның абыройын асқақтатқанын мақтанышпен айта аламыз. Балқашта өткен Керней бабаның 300 жылдығына арналған еліміздің әр түкпірінен кілең кіл мықтылар жиналған аламан өтеді. Онда Батырхан Рысбеков облысымыздың намысын қолдан бермей, үміт артып қосқан тұлпары сенімін ақтайды. Осы бәйгеден кейін ер есімі елге кеңінен тарайды. Көкбастауда бас жүлде құны 12 жылқы тігілген «Ұлы аламан» додасында да топ жарады. Батыстың бәйгесі басқаша болары белгілі. Деседе Б.Рысбеков маңғазы Маңғыстау өңіріне де жол тартады. Жол талғамайтын «Тайота Ланд Крузер» көлігі бас жүлдеге қойылған атақты Әбіш Кекілбайдың 70 жылдығына арналған бәйгеде бақ сынайды. Басқа тұлпарларға дес бермеген Қордай жерінен барған жүйрік мәре сызығын жеке дара кесіп өтеді. Қырғызстан еліндегі Шолпан атада  өткен аты шулы бәйгені де Батырхан Рысбековтың жүйрігі жеңеді. Кенен Әзірбаевтың 125 жылдығына арналған бәйгеде де ауыл намысын қорғап автокөлік ұтады. Сол бас бәйгенің басын бермейтін тұлпарларының бірі «Екілік» еді. «Екілік» ел арасында өте танымал тұлпар. Құлын кезінен баптаған осы жүйрігі иесіне жеті автокөлік ұтып берген. Осылайша, Кенен ауылынан шыққан атақты атбегі 2015 жылы соңғы бәйгесіне тұлпар қосады. Қызылорда қаласында өткен фестивальдің топ бәйгесінде топ жарып бас жүлдені ұтады. Сол Қызылордадан кейін әлі күнге ат шаптырмаған атбегі оның себебі де жоқ еместігін айтады.

«Менде ол кезде барлығы құлын кезінен бапталып, бабында тұрған тұлпарлар еді. Жүйрікті өз жылқыларымнан жаратамын. Сырттан еш сәйгүлік сатып алмаймын. Енді ол уақыттан бері қайтадан жүйрік шығару үшін көптеген уақыт қажет болды. Әрбір сәйгүлікке қаражат көп жұмсалатыны өз алдына бөлек. Сол үшін де жүйріктерімді құлын күнінде сатуға тура келеді. Кейбір елге белгілі азаматтар қолқа салатын кездер де болады», — дейді атбегі.

Бүгінде әке жолын балалары жалғап келеді. Димаш, Ерасыл және Темірлан есімді ұлдары әкелеріне қолқанат болуда. Үлкен ұлы Димаш жылқылардың азығына жауапты болса, ортаншы ұлы Ерасыл бапкерлікпен айналысуда. Кенже баласы Темірлан шабандоз. Үш ұлының арасынан сыншылық қасиет Ерасылға жұққандай. Ол да бала күнінен кез келген атқа міне бермейді екен. Жүйрікті танып өскен. Әкесі қай бәйгеге бармасын Ерасылын ертіп жүреді. Содан болар көпті көріп өскен ұлдың әкесі сияқты атқа деген құмарлығы ерекше. Шабандоздығы да өз алдына бір бөлек. Өз тұлпарларынан басқа белгілі атбегілердің өтінішімен сәйгүліктеріне шауып өсті.

«Ерасыл нағыз атты түсінетін адам. Бабы келмей тұрған аттың да бағын жандырған кездері болды. Жылқыны қай уақытта қамшылау керектігін, қай кезде жүген тартуын айтпай түсінеді. Бәйгеде тұлпарды сезініп шабады», — дейді әкесі. Талай бәйгеде атқа шапқан Ерасыл бас аяғы 25 көлік ұтады. Оның арасында өзінің және өзгелердің тұлпарлары бар. Бүгінде бұл іске інісі Темірланды баулып жүр.

Қазіргі күні тұлпарлардың бапталуы осы Ерасылдың мойнында. Әкесі тек ақылын айтып отырады. Деседе бала Ерасылдың баптау мәнері жаман емес. Таң азаннан күн батқанша жылқыларымен әлек. Бүгінде оның баптауында алты тұлпар бар. Алтауы да өз биелерінен түсіп, құлын кезден көздің қарашығындай қаралып, бапталған жануарлар. Алғашқы айғыры «Миллионның» да тұқымы бар. Жеті көлік ұтқан «Екілігінің» бел баласы «Аққанат» сәйгүлігі де осы жылы дайын тұр.

«Заман ағымына қарай басқа тұқымды жылқыларды елімізге әкеліп, өз климатымызға үйретуге байланысты бүгінде бәйгелердің де қашықтықтары өзгерді. Мәселен, осыдан он-он бес жыл бұрын орта есеппен тай жарысы 7–8 шақырым, құнан жарысы 12-15 шақырым, аламан бәйге 25-32 шақырым аралығында болатын. Бұрындары бір бәйге атын ала жаздай 30 шақырымдық 5-6 жарысқа апара беретінбіз. Бұл шақырымға қазіргі сырттан келіп жүрген асыл тұқымды, таза қанды жылқылар шыдай бермейді. Олар тек жылдамдықтың жылқылары. Ал қазақтың жабы тектес ұзақ жолға шыдамды аттары 30-40 шақырымды кесіп өте береді», — дейді Батырхан Рысбеков.

Бүгінде Кенен ауылында атбегілік өнер құлашын кеңге жайып келеді. Қыс пен көктем сәйгүліктерін сынақтан өткізеді. Ал, Батырхан ағамыз болса солардың ақылшысына айналған. Ауыл сынағына арнайы шақырылып батасын береді. Сыншылық қасиеті де әлі жоғалмаған. Бүгінде қай бәйгеге барса да қай аттың бағы жанарын алдын ала болжап отырады. Сондай-ақ, кейіпкеріміз асыл тұқымды иттерді асырайды. Қазақтың жүйрік тазысынан бастап қазақ төбеті ат суытқанда жанында еріп жүреді.

Сонау бала кездегі атқа деген құмарлығын байқаған нағашы атасының тектілігі бүгінде Батырхан ағамызды арманына жеткізе білді. Қай тарихқа үңіліп, әдебиетті алсаңызда нағашының орны ерекше. Бір ғана мысал, аты аңызға айналған Құлагерді Ақанға нағашысы тарту етті емес пе? Ендеше, тарихқа ұқсаған Батырхан Рысбековтың атбегілік жолы да нағашысынан бастау алғаны тегін емес шығар. Ақандай болмаса да Батырханның да әу дейтін өнері бар. Қолына домбырасын алып ән шырқағанда талай жанның тамсанатыны сөзсіз. Қай жиынға барса да Батырхан ағамызға қолқа салып қонақ кәдесіз қайтармайтынын қалың жұрт жақсы біледі. Араға алты жыл салып, атбегілікте үзіліс алған ағамыздың ендігі үміті баптауындағы алты тұлпарында. Жүйріктерінің бабы мен бағы қатар шауып, дәйім бәйгенің басын бермесін дегіміз келеді.

 

Мадияр Қарабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.