МЕШІТ ЖАНЫНАН АСХАНА АШЫЛДЫ

0

Өткен жұма күні Бетқайнар ауылында өзгелерге үлгі болар игі шара орын алды. Ауыл тұрғындарының ауызбіршілігін айшықтайтын бұл жиынға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, аудандық орталық мешіттің бас имамы Асқар Сатылғанов және ауданның атқамінер азаматтары мен тұрғындар қатысты.

Бетқайнар бұрыннан берекелі бірлігімен, тындырымды тірлігімен танылған ауыл. Мұнда оннан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүреді. Алайда, айрандай ұйыған ауыл тұрғындарының көкейінде көксегені де жоқ емес. Ол ауылдық мешіт маңынан құдайы тамақ, ас, құран оқу үрдістерін өткізуге арналған асхана құрылысы. Осыны аңсаған жергілікті жұртшылық ауыл ақсақалдарының ақылымен игі бастаманы қолға алып, көше тұрғындары болып қаржы жиып, нысанның іргетасын қалаған. Бұл істен ауыл жастары да шет қалмай, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» атсалысса, қолынан құрылыс жұмыстары келетіндері тегін қызметін аямады. Дейтұрғанымен, тұрғындардың ауқымды ғимарат құрылысына қаражаты аздық етіп, ауылдың атқамінер азаматтарының арқасында іс толығымен аяқталды. Бұл мәселеге ауыл мешітінің имамы Нұрлан Жиенбаев тоқталып өтті.

Мұның бәрі ауыл тұрғындарының ауызбіршілігінің арқасында. Әркім қолынан келгенінше көмек көрсетті. Әрбіріне алғысымыз зор. Ішінде ауданымызға белгілі азаматтар бар, — дейді.

Міне, сәті бүгінге түскен асхананың ашылу салтанатына тұрғындар көптеп жиылды. Ғимараттың салтанатты лентасын ауданның бас имамы Асқар Сатылғанов пен ауданның Құрметті азаматы Дүйсенхан Оңгелдиев қиып, тұрғындарды қуанышты күндерімен құттықтады. Асхана көрген жанның көз жауын алады. Мейрамханаға бергісіз нысанның ішкі келбеті де келіскен. Халық санына байланысты асхананың сыйымдылығы бес жүз адамға арналыпты. Бүгінде мұнда керектінің барлығы бар. Қазан-ошақтан бастап, ыдыс-аяқ, керек десеңіз қызмет ететін адамдар да бар. Енді ауыл тұрғындары құран оқытып ас беретін болса өткізетін орын іздеп сенделмейтін болды. Тек осындағы қызмет көрсететін жандардың ақысын төлесе болғаны. Лентасы қиылып, салтанатты түрде тұсауы кесілген асхананың алғашқы қонақтары да осы жиылған тұрғындар болды. Арнайы құран оқылып, ақсақалдар батасын берді. Ашылуына келген қонақтар жайылған дастарханнан дәм татып, наурыз көжеден ауыз тиді. Бір бірін құттықтаған қуанышты тұрғындар ашылу салтанатынан кейін жамағат сап түзеп жұма намазын оқыды.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.