БЕЙБІТ КҮН СЫЙЛАҒАН БАТЫРЛАР

0

Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске биыл 77 жыл толып отыр. Өкінішке орай сұрапыл соғыстың от-жалынынан өткен майдангерлер қатары жыл өткен сайын сиреп келеді. Алайда, оларға деген құрмет пен сыйластық уақыт өте еселей артпаса, еш кемімек емес.
Қордай ауданында биыл Ұлы Жеңіс мерекесін үш майдангер қарсы алып отыр. Нақтырақ айтсақ, Кенен ауылынан Керімқұл Қосақов және аудан орталығында тұратын Николай Кожушко мен Михаил Бакшеев. Осыған орай бүгінгі бейбіт күнді сыйлаған батырлардың ерлігіне тағы бір мәрте тоқталып, қалың көпшіліктің назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан жандардың бірі — Кенен ауылының тұрғыны КЕРІМҚҰЛ ҚОСАҚОВ ақсақал. Ол 1925 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. 1942 жылы 17 жасында майдан даласына шақырылады. Фрунзе училищесінде дайындық курсынан өтіп, екінші Украин майданындағы 5-ші армияның 68-бригадасының 8-ші механикаландырылған корпусының пулеметшілер взводының зеңбірекшісі ретінде ұрысқа араласқан. Александрия үшін болған сұрапыл шайқаста жарақат алып, екі айлық емдеуден кейін 1944 жылдың ақпанында туған жеріне оралады. «І дәрежелі Отан соғысы» орденінің және басқа да көптеген медальдардың иегері. Соғыстан кейінгі жылдары Барнауылдағы «Колхоз және МТС есепшілері» курсында білім алып, колхозда есепші, бригадир болып еңбек еткен. 1950 жылы ҚазПИ-дің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін сырттай аяқтаған. 1985 жылы «Халық ағарту ісінің үздігі» атанған. Бүгінде Қордай ауданының Құрметті азаматы.
МИХАИЛ БАКШЕЕВ ғасырға жуық өмір сүріп, бейбіт күннің қызығын көріп отырған ақсақал. Қария 1924 жылдың 1 қаңтарында Қордай ауданында дүниеге келіп, соғысқа 1943 жылы небәрі 17 жасында аттанған. Нерчинскідегі байланысшылар училищесін тәмамдап, 1943 жылдың ақпан айында майдан даласына алынады. 391-ші атқыштар және 4-ші гвардиялық дивизия құрамында сержант шенінде автоматшы және байланысшы болған. Курск доғасында өткен шайқасқа қатысып, Белгород, Житомир қалаларын жаудан азат еткен. Австрия, Чехияда жауға қарсы соғысқан. «Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін», «Әскери жетістіктері үшін», «Венаны алғаны үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Курск шайқасындағы ерлігі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» және көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталған. Вена қаласына жасалған шабуылға қатысқан қария зұлмат жылдардың оқиғаларын әлі ұмытқан жоқ.
Тағы бір қордайлық майдангер НИКОЛАЙ КОЖУШКО 1944 жылы майданға аттанған. Жерлесіміз Қытай және Маньчжурияда жапон әскерлеріне қарсы жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқан. Соғысқа дейін колхозда жылқышы болып жұмыс істеген. Соғыстан келген соң Қарағандыда шахтада еңбек етті. «Германияны жеңгені үшін» сынды көптеген медальдармен марапатталған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.