Бүгінде әлемді алаңдатқан экстремизм мен терроризм мәселесі біздің еліміз үшін де шетін тақырып еместігі белгілі. Жүздеген ұлттар мен этностың, бірнеше дәстүрлі конфессиялардың басын қосқан еліміздің ерекшелігін теріс мақсатта пайдаланғысы келетін топтардың төбе көтермей қалмасы да айқын.
Осынау бірлікке ұйыған жүздеген ұлттардың ынтымақты мекеніне айналған елдің тыныштығын бұзғысы келетін топтар дінді желеу етіп, дүйім жұртты дүрліктіргені көңіл қынжылтады. Алды-артын ойламаған кейбір азаматтардың исламның атын жамылған дінбұзар ағымдардың арбауына еріп, ислам құндылықтарын аяқасты етіп, халықты әбігерге салғаны, расында, өкінішті жайт.
Дін ұғымы – адамзатты бақытқа бастаушы, жақсылыққа жетелеуші, санаға салмақты ой салып, кемелдікке жеткізуші институт. Жалпы адами құндылықтарды басшылыққа алатын асыл дініміз Ислам да жазықсыз адамның өміріне, ар-намысына, жеке мүлкіне қол сұғуға, басқыншылық жасауға қатаң тыйым салады.
Бейбітшілік пен мейірімділікті мақсат ететін, хәкім Абайша айтқанда, адамзаттың барлығын бауырым деп сүюге шақыратын Ислам діні қоғамның тұтастығына, елдің бірлігіне сызат түсіруші кез келген адами құндылыққа сай келмейтін құбылыстарға түбегейлі қарсы. Исламның атын желеу етіп, ой-санасы қалыптасып, көзқарасы тұрақтап үлгермеген азаматтарды жолдан тайдырып, еліміздің ішкі тұрақтылығына қауіп төндіру – келешегімізге қол салғысы, тұнығымызды ластағысы келетін қара ойлы қылмыскерлердің ғана қолынан келсе керек.
Аллаға шүкір, біз – бақытты заманның куәгерлеріміз. Елімізде дін, сенім еркіндігіне кепілдік берілген. Дін атын жамылып, халық арасында бүлік шығару, қару асынып адам өлтіру – кешірілмейтін үлкен күнә болып саналады.
Әрбір адамның жаны, өмірі – өзіне аманат болса, бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру да – баршаға аманат екендігін ұмытпайық. Олай болса, Қазақ елінің ішкі тұтастығы мен қауіпсіздігін, тыныштығын сақтауда ерінбей еңбек етіп, көзіміздің қарашығындай қорғауымыз – азаматтық һәм мұсылмандық парызымыз.
Р.ЖАСЫБАЕВА, Қарасу ауылдық округінің әкімі