НЕКЕ САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫ

0

Асыл дінімізде адамзаттың пайдасы үшін баяндалған маңызды үкімдердің бірі – некелесу. Неке – ер мен әйел арасындағы Алла разылығы үшін құрылған, өзара махаббат пен мейірімге, сенім мен құрметке, сабыр мен жауапкершілікке негізделген келісім. Некелесу арқылы адам баласы өмірлік жұбымен бас қосып, ұрпағын жалғастырады. Қасиетті Құранда Алла Тағала:

«Сендердің өздеріңнен (өз болмыстарыңнан) тыныштық табуларың үшін жұбайлар жаратуы және араларыңда сүйіспеншілік пен мейірімділік орнатуы Оның (Алланың) белгілерінен (дәлелдерінен). Шын мәнінде, мұнда ойланатын қауым үшін ғибрат (белгілер) бар», – дейді («Рум» сүресі, 21-аят).

Имам әл-Қуртуби мен Ибн Касир (Алла оларды рақымына алсын) тәпсірлерінде бұл аяттағы «өз болмыстарыңнан» деген сөзді «бір жаратылыстан» деп түсіндірген. Кейбір деректерде «Адам пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) қабырғасынан Хауа анамыздың жаратылуы» деп түсіндіріледі. Бұл жерден ер мен әйел бірін-бірі толықтыру үшін жаратылған екендігін түсінеміз.

Алла Тағала аяттың жалғасында отбасының іргетасы мен баяндылығының кепілі ретінде екі ұлы құндылықты бекіткен. Олар «мәуәддә» (сүйіспеншілік) және «рахма» (мейірім). Бұл екі ұғым бірін-бірі толықтырып тұратын сипаттар.

«Мәуәддә» (сүйіспеншілік) – бұл екі жастың бір-біріне деген жүректегі алғашқы жалындаған сезім.

«Рахма» (мейірім) – бұл уақыт өте келе, тұрмыстың ағымымен алғашқы жалындаған сезім байсалдылыққа ауысқанда пайда болатын жанашырлық, ортақ өмірге деген құрмет пен төзімділік. Жылдар өте келе адамның сұлулығы кетіп, денсаулығы сыр беруі мүмкін. Міне, осындай кезеңде отбасын құлатпай ұстап тұратын күш – мейірім. Бір-бірінің қателігіне кешіріммен қарау, ауырғанда демеу болу, қиындықты бірге еңсеру осы «рахма» құндылығынан туындайды.

Ханафи мәзһабының ғалымы Ибн Абидин (Алла оны рақымына алсын): «Біз үшін Адам ата заманынан осы заманға дейін және соңы жәннатта жалғасатын неке мен иманнан өзге құлшылық жоқ», – деп некенің екі дүниелік маңызын айқындап берген.

Дана халқымыз өмір жолына бірге аттанған жас-жұбайларды ата-ананың разылығынсыз, ақ батасыз, яғни некесіз қоспаған. Демек, қазақи отбасының негізі тек некелесу арқылы ғана қаланған. Адам баласының дүние-ақыретіне некенің тигізер пайдалары өте көп. Мұсылман адам отбасы мәселесінде келесідей құндылықтарға мән беруі қажет:

БІРІНШІ: ІЗГІ ЖАР ТАҢДАУДАҒЫ НИЕТТІҢ ТҮЗУЛІГІ

Отбасының іргетасы берік, болашағы баянды болуының алғашқы шарты – ізгі жар таңдаудағы ниеттің түзулігі. Өмірлік серікті таңдауда уақытша сезімге немесе көрсеқызарлыққа салынбай, ақылмен, жан-жақты ойланып шешім қабылдаған жөн. Шариғатымыз жар таңдауда адамның имандылығына, мінез-құлқына және тәрбиесіне басты назар аударуды бұйырады. Алла Тағала қасиеті Құранның «Бақара» сүресі, 221-аятында:

«Әлбетте, иман келтірген (күң) әйел, сендерді таңғалдырған (имансыз) мүшрік әйелден әлдеқайда қайырлы (жақсы)», – деп адамның сыртқы тартымдылығы мен әлеуметтік мәртебесінен бұрын, оның иманы мен рухани байлығы әлдеқайда маңызды екенін көрсетеді.

Ал Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Бұл дүние – өткінші. Ондағы нығмет атаулының ең абзалы – салиқалы әйел», – деген (имам Мүслим).

Дүниенің бүкіл байлығының ішіндегі ең қайырлысы, ең құндысы, иманды, көркем мінезді әрі күйеуіне тірек бола білетін – салиқалы жар. Себебі материалдық байлық адамды тек сырттай бақытты етсе, салиқалы әйел адамның жан дүниесіне тыныштық сыйлайды, ұрпақ тәрбиелейді және шаңырақтың берекесін кіргізеді.

Хакім Абай атамыз да бұл мәселеге:

Лапылдап көрсе қызар нәпсіге ерме!

Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей, көңіл берме!

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, – деп сыртқы сұлулыққа алданбай, ішкі жан дүниенің тазалығына мән беруді өлеңмен жеткізеді.

Үйленетін адам ең әуелі ниеттің дұрыстығына мән беруі тиіс. Неке «тұрып көрейік, болмаса ажырасармыз» деген таяз түсініктен ада болуы тиіс. Ол осы дүниеде де, ақыретте де бірге боламыз деген шынайы ниетпен, мәңгілікке қиылуы керек.

ЕКІНШІ: НЕКЕНІҢ ШАРИҒИ ТАЛАПТАРЫ

Неке сөзі араб тілінде «бірігу, қосылу» деген мағынаны білдіреді. Шариғаттағы терминдік мағынасы – ер мен әйелдің ортақ өмір кешіп, ұрпақ жалғастыруын адал ететін келісім-шарт. Шариғат бойынша мұсылмандық некенің заңды деп танылуы үшін оның негізгі рүкіндері (парызы) мен шарттары толық орындалуы қажет. Олар некенің толық болуы үшін өте маңызды. Некенің рүкіндері (парызы):

Ижаб (ұсыныс): тараптардың бірінің отбасын құруға білдірген ұсыныс сөзі.

Қабул (қабыл алу): екінші тараптың бұл ұсынысты өз разылығымен құптауы.

Неке қию барысында екі жақтың разылығы өте маңызды. Себебі мұнсыз неке заңсыз әрі дұрыс болып есептелмейді. Сонымен қатар, некенің жүзеге асуы үшін үйленуші тараптардың сөздері толықтай анық болуы әрі екі жақтың мәлімдемесі бір уақытта және бір жерде, яғни бір мәжілісте айтылуы керек.

Некенің шарттары:

Уәлидің рұқсаты. Қыз баланың ата-анасының (немесе шариғи қамқоршысының) келісімі мен ризашылығының болуы;

Куәгерлердің қатысуы. Неке қию сәтінде кем дегенде екі ер кісі немесе бір ер, екі әйел кісі куәгер болады. Куәгерлер балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс және мұсылман болуы керек. Сондай-ақ, олар некелесуші тараптардың ижаб пен қабыл (ұсыныс пен қабылдау) сөздерін өз құлақтарымен нақты естуі;

Мәһрдің бекітілуі. Мәһр – ер адамның неке қиылу барысында қалыңдыққа өз ризашылығымен беретін шариғи сыйы. Ханафи мәзһабында мәһрдің ең төменгі шегі 10 дирхам. Сахабалар өмір сүрген заманда 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Бұл қазіргі өлшеммен 4,25 грамм алтын немесе соған тең келетін ақшалай қаражатқа (нарықтағы құнына) сәйкес келеді.

Халқымыз да осындай шарттардың жүзеге асуы арқылы құрылған некені «адал неке», «ақ неке» деп атаған. Бүгінгі таңда қоғамда «азаматтық неке» деген атпен, ешқандай заңды әрі шариғи рәсімдерсіз бірге тұру үрдісі белең алып барады. Алайда мұндай уақытша қатынастар біздің дінімізде де, ұлттық мәдениетімізде де қатаң айыпталады.

ҮШІНШІ: НЕКЕНІ ЖАРИЯ ЕТУ

Ислам діні жасырын үйленуге, елден жасырған құпия келісімдерге үзілді-кесілді тыйым салады. Некенің ашық, адал әрі жария болуы туралы Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

«Некелеріңді жариялаңдар, оны мешіттерде өткізіңдер және өзгелерге естіртіңдер (дауылпаз соғып, той жасаңдар)», – деген (Термизи).

Некені жария ету – адамдардың бір-біріне деген қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуінің, сондай-ақ адал неке мен жасырын қатынастың арасын ажыратудың басты көрінісі.

Дана халқымыз шариғаттың бұл әмірін өзінің төл салтымен керемет ұштастыра білген. Жасырын қосылуды ар санаған бабаларымыз жаңа түскен келінді халыққа «беташар» рәсімі арқылы таныстырған. Беташар арқылы жаңа отаудың құрылғаны бүкіл ағайын-туысқа, ауыл-аймаққа жария етілген. Ел-жұрттың ақ батасын алған жас шаңырақтың алғашқы қадамы берекемен басталған.

ТӨРТІНШІ: ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАРДЫҢ МІНДЕТТЕРІ МЕН ОТБАСЫЛЫҚ АҚЫЛАРЫ

Шаңырақтың берекесі кіріп, отбасының іргесі берік болуы ер мен әйелдің өз міндеттерін біліп, оны ықыласпен орындауына тікелей байланысты. Ислам шариғатында шаңырақты басқару, оны қорғау және материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету міндеті ер азаматқа жүктелген. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 34-аятында:

«Ерлер – әйелдерге басшы (һәм қорған). Өйткені Алла оларды бірін-бірінен (жаратылысы мен мінезіндегі ерекшеліктері бойынша) артық етті. Сондай-ақ, олар (әйелдеріне) өз дүние-мүліктерінен напақа береді (нәпақамен қамтамасыз етеді)», – деп ер адамның отбасындағы дәрежесі мен басты міндетін баяндайды.

Бұл аяттағы «басшылық» билік жүргізу үшін емес, керісінше, әйел затының қауіпсіздігіне, діні мен дүниесіне, ас-суы мен киіміне жауапты болу деген сөз. Ислам діні ер азаматтардан әйелдерімен қаталдықпен емес, жылылықпен және даналықпен қарым-қатынас жасауды талап етеді. Алла Тағала Құранда ерлерге:

«Әйелдеріңмен жақсы тұрып, көркем мәміледе болыңдар», – деп әмір етсе («Ниса» сүресі, 19-аят), Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің қоштасу құтпасында үмбетіне:

«Әйелдеріңе жақсы қараңдар! Өйткені сендер шын мәнінде оларға жауаптысыңдар (олар сендерге Алланың аманаты)», – деп әйелдермен жақсы қарым-қатынаста болуға шақырған (имам Мүслим).

Осылайша, екі тарап та өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарағанда ғана отбасы шаңырағы берік болып, ол отбасы дүниеде де, ақыретте де бақыттың мекеніне айналады. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Тұрмыстық тауқыметтер мен пендешілік түсініспеушіліктер кез келген шаңырақта кездеседі. Мұндай сәттерде шайтанның азғыруына ермей, Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына бір өсиетін басшылыққа алу керек:

«Мүмін ер адам еш уақытта мүмін әйелді жек көрмесін. Егер де оның әлдебір мінезі көңіліне жақпаса, басқа бір қасиетін ұнатсын», – деген (имам Мүслим).

Ерлі-зайыптылардың арасындағы байланысты (некені) өте нәзік жіпке теңеуге болады. Егер бір тарап ашуға бой алдырып, нәзік жіпті өзіне қарай қатты тартса, екінші тарап міндетті түрде сабырлық танытып, жіпті босата білуі керек. Екі жақ та бірдей уақытта жіпті өзіне қарай тарта берсе, ерте ме, кеш пе ол жіп үзіледі, яғни некенің іргесі сөгіледі.

БЕСІНШІ: ТАЛАҚ – АЛЛА СҮЙМЕЙТІН ІС

Бүгінгі қоғамда ажырасудың көбеюі, отбасы құндылықтарының әлсіреуі неке жауапкершілігіне жеңіл қараудың салдарынан туындап отыр. Дінімізде ажырасуға ең соңғы шара ретінде ғана рұқсат берілгенімен, ол – ең жағымсыз іс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Алла Тағала адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы – ажырасу (талақ)», – деп ескерткен (имам Насаи).

Ханафи мәзһабының ғалымы Ибн Абидин (Алла оны рақымына алсын): «Орынсыз ажырасу парасатты адамның ісі емес, ол әйелдің құқығын таптау және оған жасалған зұлымдық әрі Алланың берген нығметіне (отбасы, бала шағасына) шүкірсіздік ету», – деп айтқан.

Бабаларымыз салған жолда ажырасудың аз болуы – ұрпақ тәрбиесіне байланысты еді. Аналарымыз қызына «Барған жеріңе тастай батып, судай сің», ал әкелеріміз ұлына «Жан қимақ бар, жар қимақ жоқ» деп тәрбиелеген. Жас жұбайлар үлкендердің ақыл-кеңесіне құлақ асып, шаңырақтың шырқын бұзудан сақтанған.

muftyat.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.