БИЛЕР КЕҢЕСІНІҢ МІНДЕТІ – ДӘНЕКЕРЛІК

0

Қордай аудандық билер кеңесінің жұмыс істей бастағанына да төрт жылға жуық уақыт болды. Алғашында билер кеңестері, аудандық ардагерлер кеңесінің негізінде 19 ауылдық округтарда 3 адамнан және аудандық билер кеңесі 5 адам болып 62 би сайланды. Қазіргі кезде аузы дуалы, сөзі уәлі деген билер іріктеліп жұмыс жасауда.

Билер кеңесінің жұмысы ардагерлер кеңесімен тығыз байланыста. Бірге жүргізіліп отырады. Сонымен қатар, біздің жұмыстың нәтижелі болуына аудандық сот төрағасы Ерлан Ілиясов пен әкімшілік судья Мирагүл Алиманова, Қанат Берденов, Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай және аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің үлкен қолдауының арқасында іске асуда. Осылардың ішінде «Бастау» , «Дәнекер» бағдарламаларын жүргізуге, оны іске асыруға барлық жағдай жасап, өз көмектерін беруде. Аудандық сот ғимаратында даулы мәселелерді шешуге арналған арнайы бөлме бөлінген. Онда біздің аудандық билердің кесте бойынша ай сайын кезекшілігі ұйымдастырылған. Билерге теориялық және практикалық тәжірибе жинақтауға көмек ретінде биылғы жылдың 8 айында 2 рет семинар кеңес, 1 дөңгелек үстел өткізілді. Соттан алынған 16 арыз-шағым қаралды,1 арыз-шағым билер кеңесінде қаралды.
«Бастау » бағдарламасымен аудандық соттан некені бұзу туралы 41 ұйғарым түсті. Оның ішінде 6 отбасы ажырасты, 3 отбасы табысты, 32 отбасымен кездесулер ұйымдастырылуда.
Аудан халқы құқық қорғау органдарына беталды шағымдана бермей Билер кеңестеріне жүгініп, дау-дамайды айқайсыз шешудің тиімді екенін түсінді. Оның үстіне отбасы дауларын аудандық соттың қоғамдық ұйымдарға, оның ішінде Билерге ресурстық көмек көрсету жөнінде ұйғарымдар жолдауы көп отбасын сақтап қалуға көмегін тигізуде. Соңғы жылдардағы талдау ерлі-зайыптылардың ажырасуының ауылдарда сирегенін байқатты. Оның есесіне әлеуметтік мәселенің қиын шешілуі және ұлттық тәрбиенің кемшіндігінен, аудан орталығында ажырасу фактісі өскенін байқап отырмыз. Осыған байланысты аудандық ардагерлер мен билер кеңесі еліміздегі озық тәжірибелерді ескере отырып, отбасын сақтау жөнінде мәселе көтеруді ұйғарды. Оның басты себептеріне жұмыссыздық, ішімдік және отбасылық тәрбиенің қиюы қашқандықтан болып жататынын көрсетті.
Сондықтан ардагерлер мен билер кеңестері бірігіп барлық ауылдық округтарда елмен кездесіп «Ішімдіксіз, бұзақысыз және отбасы берік үлгілі ауылға айналамыз» деген тақырыпта жиындар өткізді. Нәтижесінде Масаншы, Сортөбе, Әлжан ана ауыл сыртындағы дүкендерде спирттік ішімдіктер сатылмайтын болды.
Пандемия кезінде аудандық ардагерлер мен билер кеңесінің мүшелері аудан әкімдігі тарапынан құрылған мобильдік топтармен бірге елді аралап үгіт–насихат жұмыстарын жүргізді.
Аудандық газет беттерінде имамдармен бірге халықпен кездесіп, қайтыс болған кісілердің жаназасын шығару кезінде аста-төк дастархан жаюға тыйым салу жөнінде үндеу жарияладық.
Сондай ақ облыстық ардагерлер кеңесінің басшылығымен өткізілген асарлатып үй салу жоспарына біздің аудан ардагерлері мен билері белсене ат салысты.
Ауданда бағаны тұрақтандыру мақсатында да біздің ардагерлер мен билер мобильді топпен бірге базарлар мен дүкендерді , сауда орындарын аралап түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Кешегі «қаңтар оқиғасы» кезінде де ардагерлер мен билер халық арасында болып басу айтты. Әлеуметтік желі арқылы үндеу жасады. Бұқаралық ақпарат құралдарында сөйледік, жастар мен кездесулер өткіздік. Осы іс-шаралардың нәтижесінде ауданымызда бұзақылық фактісі бой көрсеткен жоқ.
Біздің аудан халық саны жағынан облыста Тараз қаласынан кейін екінші орында тұр. 140 мыңнан аса тұрғын бар. Ауданды қазақи деп айта алмаймыз, бізде 30 дан аса ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. 19 ауылдық округтың 9–ы өз ұлтымыз болса, 10-ы аралас. Сондықтан даулы мәселелерді шешуге тұрғындар негізінен сот органдарына жүгінеді. Осы жағдайға байланысты Билер кеңесі жеңіл, орташа дау-дамайларды аудандық сотпен аудан әкімшілігімен бірге қарауды қолға алып отырмыз. Оның ішінде «Дәнекер», «Бастау» бағдарламары да бар.
Облыстық ардагерлер және билер кеңестері біздерге әр уақытта ақыл кеңестерін беруде. Соның арқасында елдің бірлігі мен ынтымағын нығайтуға басым мән берудеміз. Жастарды Отансүйгіштікке тәрбиелеуге билердің көшбасшылық көрсетуі өте қажет болып отыр.
Сонымен қатар аудан әкімі Мәден Мұсаевтың аудандық ардагерлер ұйымының жұмысына жаңа көзқараспен қарауы бізге үміт сыйлауда. Аудан басшысы ақсақалдармен кездесіп, ақылдасуды алдына мақсат етіп алған. Онда айтылған ұсыныс-пікірлерді тыңдап қана қоймай тиісті мекемелер арқылы шешуді қолға алған және де әкімнің бастамасымен ауылдарда кеңестер құрылып, ардагерлер, билер және қоғамдық кеңестердің өкілдері арнайы бірге жүріп, аумақтағы мәселелерді бірлесіп шеше бастады. Мұның өзі бұқараның билікке араласа бастауын, атқарушы биліктің халық үніне құлақ асқанын байқатуда. «Келісіп пішкен тон келте болмас» деп қоғамдық ұйымдардың ауыл әкімдіктерімен тізе қосуы сөз жоқ өз нәтижесін береді деп санаймыз.
Өкінішке орай, облыс көлемінде біздің атқарған жұмысымыз әлі де жеткіліксіз. Сондықтан тек қана аудан орталығы билері мен қатар ауылдық округ билері де дау-дамайды оң шешуге тиісті көмек береді деп сенемін.
Ел ішіндегі дау-жанжалдарды екі тарапқа да теңдей етіп шешіп, ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірген от ауыз, орақ тілді бабалардан алар тәлім мен өнегеміз көп.
Қазақстан Республикасының медиация туралы заңының аясында құрылған билер кеңесі институтының жұмысын жандандыру мақсатындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзіндік тұжырымдары бұл істің алға жылжуына ұйытқы болып отырғанының өзі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді.
Нұржан МОЛДАБЕКОВ,
аудандық билер кеңесінің төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.