Қордай ауданында білім беру саласын дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Соның бір дәлелі – Қордай ауылындағы Балжан Бөлтірікова атындағы №4 мектеп-лицей аумағында басталған жаңарту және абаттандыру жұмыстары.
Аталған жұмыстарды конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған «Hamza Holding» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Жоба аясында мектеп аумағында шағын футбол алаңы, баскетбол және волейбол алаңдалары салынып, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар автотұрақ қарастырылып, білім ордасының сыртқы келбеті мен инфрақұрылымы заман талабына сай жаңартылмақ.
Жас ұрпақтың денсаулығы мен жан-жақты дамуы үшін спорттық нысандардың маңызы зор. Заманауи спорт алаңдарының салынуы оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен тұрақты айналысуына және салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде балалардың дене тәрбиесін жетілдіріп қана қоймай, олардың түрлі жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетуіне де оң әсерін тигізбек.
Мектеп аумағын көгалдандыру жұмыстары да ерекше мәнге ие. Жасыл желек санының артуы қоршаған ортаның экологиялық жағдайын жақсартып, оқушылар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал етеді. Ал жаңа автотұрақтың салынуы мектеп маңындағы көлік қозғалысын реттеуге және қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді.
Аудан әкімі Бекзат Болатбеков білім саласын дамытуға және балалар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған жобаларды тұрақты бақылауда ұстап келеді. Оның бастамасымен аудандағы әлеуметтік нысандарды жаңғырту, инфрақұрылымды жетілдіру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда.
Бүгінде Балжан Бөлтірікова атындағы №4 мектеп-лицейде басталған жұмыстар болашақ ұрпақтың игілігі үшін жасалып жатқан маңызды қадамдардың бірі. Жаңартылған спорт алаңдары мен абаттандырылған аумақ оқушылардың білім алып қана қоймай, денсаулығын нығайтып, белсенді өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді. Білімді, дені сау және белсенді жастар – елдің жарқын келешегінің кепілі. Сондықтан білім ошақтарының заманауи талаптарға сай болуы – уақыт талабы.
Қазіргі таңда құрылыс және абаттандыру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Аяқталғаннан кейін жаңарған мектеп-лицей оқушылар мен ұстаздарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып, білім беру сапасын арттыруға өз үлесін қосады.
Жас ұрпаққа қолайлы жағдай жасау – ел болашағына салынған инвестиция. Сондықтан білім ошақтарын жаңғыртуға бағытталған мұндай жобалардың маңызы зор.
Ұлжан БОЛАТҚЫЗЫ