ҰСТАЗДАРДЫҢ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ АЛАҢЫ

0

Отандық білім беру жүйесін жаңғырту жағдайында педагогтердің кәсіби дамуын қолдау, олардың шығармашылық әлеуетін арттыру және озық педагогикалық тәжірибесін кеңінен насихаттау — білім беру саласындағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Заманауи талаптарға сай білім беру сапасын жетілдіру, инновациялық әдіс-тәсілдерді тәжірибеге енгізу және педагогтердің кәсіби шеберлігін дамыту мақсатында түрлі деңгейдегі байқаулар мен кәсіби алаңдардың маңызы зор.

Осы бағыттағы маңызды байқаудың бірі — мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауы. Аталған байқау педагогтердің үздік тәжірибелерін анықтауға, инновациялық идеялары мен авторлық әдістемелерін көпшілікке танытуға, білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізуге және кәсіби қауымдастық арасындағы тәжірибе алмасуды дамытуға мүмкіндік береді.

Байқау педагогтердің шығармашылық бастамаларын қолдап қана қоймай, олардың кәсіби құзыреттілігін жетілдіруге, үздік педагогикалық тәжірибелерді республика көлемінде таратуға және білім беру сапасын арттыруға ықпал етеді. Байқау қатысушылардың зерттеушілік мәдениетін қалыптастыруға, цифрлық білім беру ресурстарын тиімді қолдануға және педагог мамандығының қоғамдағы беделін нығайтуға бағытталған маңызды алаң болып саналады.

Сондықтан «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауы педагогтердің кәсіби дамуына серпін беретін, инновациялық тәжірибелерді жинақтап, таратуға мүмкіндік жасайтын және білім беру саласындағы үздік идеяларды қолдайтын маңызды бастамалардың бірі ретінде ерекше мәнге ие. Бұл байқау – ұстаздардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, кәсіби шеберлігін арттыруға және білім беру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды алаң.

Байқау инновациялық және тиімді педагогикалық тәжірибелерді анықтап, оларды білім беру үдерісіне енгізу арқылы білім алушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруды көздейді.

Бағыттары: Оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық, цифрлық сауаттылық, қаржылық сауаттылық, экологиялық сауаттылық, мәдениетаралық сауаттылық, жаһандық құзыреттер (халықаралық қатысушылар үшін).

Аталған бағыттар білім алушылардың жан-жақты дамуына, олардың заманауи қоғам талаптарына бейімделуіне негіз қалайды.

Байқау екі кезеңнен тұрады:

  1. Аймақтық кезеңде педагогтер білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған авторлық идеясының сипаттамасын ұсынады (сабақ жоспары немесе тәрбиелік іс-шара).
  2. Республикалық кезеңде қатысушылар өз идеяларын нақты оқу үдерісінде қолдану тәжірибесін бейнежазба арқылы көрсетеді.

Байқауға еліміздің барлық өңірлерінен білім беру ұйымдарының педагогтері қатыса алады. Қатысу жеке форматта жүзеге асырылады және әр педагог тек бір ғана жұмыс ұсынады. Материалдар арнайы платформа арқылы электронды түрде қабылданады.

Ұсынылған жұмыстар бірегей, бұрын жарияланбаған болуы тиіс. Жасанды интеллект құралдарын тек көмекші ретінде қолдануға рұқсат етіледі. Барлық жұмыстар сараптамалық кеңес бекіткен критерийлер негізінде бағаланады.

Марапаттау рәсімі келесідей жүзеге асырылады, аймақтық кезең жеңімпаздары I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталады. Ал республикалық кезеңде үздік деп танылған педагогтерге I, II, III дәрежелі дипломдар табысталады.

Сонымен қатар, әр бағыт бойынша «YouTube-дауыс беру жеңімпазы» номинациясы қарастырылған. Жеңімпаз онлайн дауыс беру нәтижесі – «ұнайды» белгілері мен қаралым санының жиынтық көрсеткіші бойынша анықталады. «Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауы – педагогтердің кәсіби шеберлігін шыңдайтын, шығармашылық әлеуетін ашатын және білім беру жүйесіне жаңа серпін беретін маңызды бастама. Барлық жаңашыл, ізденімпаз ұстаздарды осы байқауға белсенді қатысуға шақырамыз! Өз жұмыстарыңызды ағымдағы жылдың маусым айының 30-на дейін жіберулеріңізге болады. Өз мүмкіндігіңізді жіберіп алмаңыз!

Мадина САДИБЕКОВА, Жамбыл облысы, Тараз қ., «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы «Жамбыл облысы бойынша кәсіби даму институты» филиалы, аға оқытушы

Leave A Reply

Your email address will not be published.