Қордай ауылына қарасты Красный партизан шағын ауданында үлкен мерекелік шара өтті. Осыдан дәл он жыл бұрын жергілікті мектеп жаңа заманауи ғимаратқа көшіп, қазақтың біртуар тұлғасы – жазушы, қоғам қайраткері, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның есімімен аталып зәулім білім ордасы болып шыға келді.
Биылғы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында мектепте жалпыхалықтық мереке және Шерхан Мұртаза атындағы орта мектептің 10 жылдығына арналған салтанат өтті. Бұл шараға мектеп ұжымы, ауыл тұрғындары осындағы білім алып жүрген балалардан бөлек қонақтар да көптеп келді.
Жиылған жұртшылық алдында құттықтау лебізін айтқан Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай ауылдықтарды осы айтулы мерекемен құттықтап, білім ордасының болашағы жарқын, түлеп ұшқан шәкірттері ел үмітін ақтайтын азамат болып өсуіне тілек айтты.
Сөз сөйлеушілер легін аудандық білім бөлімінің өкілі жалғастырып, бұдан соң халық алдына осы мектепте ондаған жылдар бойы еңбек етіп, бүгінде зейнет демалысындағы ардагер-ұстаздар шығып, жылы лебіздерін жеткізді.
Ал мектептің дарынды оқушылары дайындаған ән, би шашуы мен сахналық қойылымдары, салт-дәстүрлерден көріністер баршаның көңілінен шығып, қазақ халқының қайталанбас өзіндік мәдениеті, тарихы, салт-дәстүрі және табиғаты, жалпы алғанда ұлттық коды мен бірегейлігін айқындап бергендей.
Бұдан соң мерекелік шара мектеп ауласында жайылған қазақ халқының кең пейіліндей ақ дастархан басында жалғасып, баршаға наурыз көже таратылды.
Анжела ИЗАЕВА