БІРЛІК ПЕН БЕРЕКЕНІҢ ДӘМІ

0

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Қордай ауданында «Ұлттық тағамдар» фестивалі ұйымдастырылып өтті. Іс-шараны Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі өткізді.

Фестивальдің басты мақсаты – әр ұлттың дәстүрлі тағамдарын дәріптеу, олардың ерекшеліктерін кеңінен таныту және түрлі этнос өкілдері арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту.

Аталған шараға «Тілдерді оқыту орталығы» КММ-нің қазақ тілі курсының тыңдаушылары белсенді қатысты. Қатысушылар 2-3 адамнан құралған командаларға бірігіп, қазақ, орыс, дүнген, өзбек және басқа да ұлттардың ұлттық тағамдарын ұсынды. Әр команда кемінде бес түрлі тағам әзірлеп, оларды ұлттық нақыштағы киіммен безендірілген дастарқан үстінде таныстырды.

Фестиваль барысында қатысушылар тек тағам дайындап қана қоймай, олардың жасалу жолдары мен құрамын түсіндіріп, әр тағамның шығу тарихына тоқталды. Қазылар алқасы тағамдардың ұлттық дәстүрге сәйкестігін, дәмдік сапасын, ұсыну тәсілін және таныстыру деңгейін бағалады.

Шара ерекше атмосферада өтіп, көрермендерге ұлттық мәдениеттің байлығын сезінуге мүмкіндік берді. Түрлі ұлттың тағамдары ұсынылған дастарқандар көпшіліктің қызығушылығын тудырып, фестиваль нағыз достық пен бірліктің көрінісіне айналды.

Фестиваль қорытындысы бойынша үздік командалар анықталып, дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.