1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Қордай ауылындағы «Мирас и А» балабақшасының «Күншуақ» ересек тобында «Әжемнің ертегісіне саяхат» жобасы аясында тағылымды іс-шара өтті.
Аталған шараға Қордай ауданы аналар алқасы кеңесінің төрайымы Роза Қағазбаева, кеңес төрайымының орынбасары Алтынкүл Нуралина және Муза Оспаниянова арнайы қонақ болып келді. Кездесу барысында ақ жаулықты әжелер балаларға халық ауыз әдебиетінің алтын қазынасы – «Шалқан» ертегісін әсерлі жеткізіп берді.
Іс-шараның басты мақсаты – балаларға ертегі арқылы адамгершілік құндылықтарды сіңіру, бірлік пен ынтымақтың маңызын түсіндіру болды. «Шалқан» ертегісі арқылы бүлдіршіндер бірлесе әрекет етудің нәтижесінде кез келген қиындықты жеңуге болатынын ұқты. Сонымен қатар, әр адамның, тіпті кішкентай болса да, көмегі маңызды екені, еңбекқорлық пен кішіпейілділіктің мәні кеңінен түсіндірілді.
Балалар ертегіні ерекше қызығушылықпен тыңдап, әжелердің әсерлі әңгімесіне тәнті болды. Шараға барлығы 15 бала қамтылып, олардың танымдық және тәрбиелік деңгейін арттыруға үлкен үлес қосылды.
Бұл игі бастама ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды қадам болды.
Ұлбосын АЛЛАШОВА, тәрбиеші