БІРЫҢҒАЙ ТӘЖІРИБЕ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҚАЖЕТ

0

Қордай ауданы әкімдігінің мәжіліс залында жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен жолданымдардың қаралуы туралы кеңес болып өтті. Отырыс жұмысына ҚР Бас прокуратурасы
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі
комитетінің Жамбыл облысы бойынша басқармасының азаматтық және әкімшілік салалардағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің прокуроры Шыңғысхан Мошқалов қатысып, барлық ауылдық округтердің әкімдері, аудандық бөлімдердің
басшылары мен жауапты мамандарына түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Бұған дейін ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Жамбыл облысы бойынша басқармасы бастығының 2023 жылғы 21 сәуірдегі тексеру жүргізу туралы қаулысына сәйкес биылғы жылдың 24 сәуірінен 2 мамырына дейін аудан әкімдігі бөлімдері мен ауылдық округ әкімі аппараттарында жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен жолданымдар бойынша заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізілген болатын.
Нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталды. Қордайға келіп түсетін өтініштердің басым бөлігі қағаз форматында жүзеге асырылады. Елімізде мемлекеттік «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі қалыптастырылып, қолданысқа енгізілген. Әрине, бүгінгідей цифрлық құжат айналымы дамыған заманда жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен жолданымдармен жұмыс осы жүйе арқылы жүргізілуі заңды болып табылады. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Жамбыл облысы бойынша басқармасы осы жолданымдарды жүйеге енгізу, оның есептілігін жүргізу тәртібін түсіндіруді жүзеге асыруда. Осы жайында Шыңғысхан Кенжебекұлы баяндама жасады.
-Құқықтық статистика Комитеті «Жолданымдарды, хабарламаларды, сұрау салуларды, пікірлерді, ұсыныстарды қарау туралы» №1-ТӨ нысанды есебін қалыптастырады, оның дұрыстығын және заңдылығын қадағалайды. Негізінен азаматтардың, жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары 2020 жылы 29 маусымда қабылданған Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексімен және Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 04.01.2023 жылғы №4 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаларға келіп түсетін жолданымдарды тіркеу, есепке алу, сондай-ақ «Электрондық жолданымдар» ақпараттық-талдау жүйесін жүргізу қағидаларының талаптарымен реттеледі, — деді баяндамашы.
Ағымдағы жылдың өткен мерзімі бойынша Қордай ауданы әкімшілігіне және оған бағынысты мекемелерге 1503 жолданым келіп түскен. Оның ішінде Заңды тұлғалардан – 101, жеке тұлғалардан – 1402. Сонымен қатар, жолданымдардың басым бөлігі қағаз нысанында – 1127 (немесе 75%), яғни қолма-қол түседі, ал «Е-өтініш» арқылы электронды нысанда – 376 (25%).
-2019 жылғы 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын жолдады, – деді прокурор. – Онда азаматтардың барлық сындарлы сауалдарына жедел және тиімді жауап беретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру міндетін қойды.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру және өтініш берушілермен жұмыс сапасын арттыру мақсатында азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгіну рәсімдерін барынша жеңілдетуге және олардың қаралуын бақылауды жетілдіруге арналған «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі әзірленді.
Өтініштермен жұмыстың барлық процестерін цифрландыру келесіні қамтамасыз етеді:
— өтініштерді мемлекеттік органдардың құзыреті бойынша бағытын автоматты түрде анықтау;
— мемлекеттік органдар арасындағы сұраныстар санын оңтайландыру есебінен өтініштерді қарау мерзімін қысқарту;
— өтініш берушіні өтінішті қараудың барлық кезеңдері, сатылары және мерзімдері туралы хабардар ету;
— мемлекеттік органдарға келіп түсетін барлық өтініштердің бірыңғай базасын қалыптастыру.
Сонымен қатар, «Е-өтініш» жүйесі өтініш берушімен кері байланыс жүйесін жүргізуге және мемлекеттік органдардың жұмыс сапасын бағалауға мүмкіндік беретіндігін атап өтіп, мемлекеттік органдардың жауаптары жүйелі талдаудан өткізілетінін айтты. «Бұл жазылымнан бас тарту фактілерінің жолын кесуге ықпал етеді және нақты салаларда өтініштерді қараудың бірыңғай тәжірибесін қалыптастырады. Сондай-ақ, мемлекеттік органдарға жүктемені азайту, типтік жағдайлар бойынша қағазбастылық пен төрешілдікті болдырмау мақсатында аталған ақпараттық жүйесі қолданысқа енгізіліп отыр», — деді Ш.Мошқалов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.