«Бокс қазақ тілін үйренуіме сеп болды»

0

Спортты серік еткен қыз-келіншектердің жеңіске деген құлшынысына, жетістіктеріне қарап олардың ер-азаматтардан кем түспей, сала дамуына айтарлықтай үлес қосып жатқанын аңғарамыз. Қордайда да аудан абыройын асқақтатып жүрген Светлана Голендова, Раушан Жаналиева сынды чемпион қыздарымыз бар. Олардың ізін жас боксшы Валерия Вайдеман жалғастыруда.

14 жасар былғары қолғап шебері – Бетқайнар ауылының тұрғыны, №27 Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы. Ауылда аудан атын республика көлемінде танытып жүрген боксшы ару барын ести сала өзімен жүздесуге асықтық. Шағын денелі, нәп-нәзік қызға қарап оның бокспен айналысатынына сену қиын. Валерия спорттың бұл түріне өз-өзін қорғау мақсатында барған.

–       Төменгі сыныптарда оқып жүргенімде бірге оқитын ұлдар тиісе беретін, мен өзімді қорғай алмайтыныма ашуланып, жылап қалатынмын. Осыдан кейін ата-анама боксқа барғым келетінімді айтып, мектептегі үйірмеге жазылдым. Ең алғашқы жаттығуым есімнен кетпейді. Ол кезде қазақ тілін мүлдем түсінбеймін, айналамдағылардың көбі қазақ тілді болғандықтан, сөйлесе алмай, ештеңе түсінбей тұрып қалдым. Жаттықтырушыма рахмет, мені қолдап, әрдайым көмегін беріп отырды. Уақыт өте келе қазақ тілін еркін меңгеріп алдым. Бокс менің спортқа деген құлшынысымды арттырумен қатар, мемлекеттік тілді үйренуіме де сеп болды, -деп жымиды Валерия. Қазақша еркін сөйлейтін ол араласатын ортаң қазақ болса, мемлекеттік тілді меңгеру жеңіл дейді. Орыс сыныбында оқығанымен құрбы-құрдастарының көпшілігі қазақтар екен. Әңгіме барысында оның қазақ тіліне, халқына деген құрметі байқалып тұрды.

Төрт жылдан бері шаршы алаңда жаттығып жүрген Валерияның спорттағы жетістіктері де аз емес. Аудандық, облыстық жарыстардағы жеңістерінен бөлек, Қостанай қаласында өткен жасөспірімдер арасында бокстан Қазақстан чемпионатында екінші орынды, Өскемен қаласында өткен ел чемпионатында жүлделі  бірінші орынды иеленген, спорт шеберіне кандидат атағы да бар. Кейіпкеріміз рингке шыққандағы сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес екенін айтады. «Ең алғаш Қазақстан чемпионатына барғанымда қобалжу, маған артылған сенімді ақтай алмай қаламын ба деген қорқыныш басым болды. Ол жерде қарсыластар басқа, деңгей басқа не дегенмен. Шаршы алаңға шыққанда өзіңнің кішкентай, нәзік қыз екеніңді ұмытып кетесің. Ойыңда тек қарсыласыңды қайтсем жеңсем деген мақсат тұрады. Бірақ қандай нәтиже болса да, мойымау керек. Өйткені әр жарыс сені шыңдайды, жетілдіреді».

Бокс – негізгі техникалары, өз соққы түрлері бар спорт түрі. Кез-келген спортшы секілді Валерияның да қарсыласын жеңудегі әдіс-тәсілдері бар. Ол бокс техникасын жақсы меңгергенімен ешқашан көшеде төбелескен емес. «Кейде балалар қане, жекпе-жекке шығайық, сен боксқа қатысасың ғой. Өнеріңді көрсет»,-деп тиіседі. Бірақ мен ешуақытта көше төбелесіне қатыспаймын. Мен тек рингте, ашық әрі әділ жекпе-жекке шығамын»,-дейді ол.

Валерия «Бокс қыз балаға тән емес» деген пікірмен келіспейді. Оның ойынша, еңбектеніп, елінің атақ-абыройын әлемдік додаларда дәріптеуге қыз баланың да үлесі зор. Бұдан бөлек өз-өзін қорғау, жақынына қамқор болу, тәртіпке үйрену үшін де бокстың берері мол деп санайды. Сондықтан, ол боксшы болғысы келетін қыз балаларға ешкімді тыңдамай, өзіне сенуін, өз жүрек қалауымен жүруге кеңес береді. Бұл ретте Валерияның жолы болды. Өйткені, ата-анасы да, жаттықтырушысы Төребек Амиров та оның боксшы боламын деп келген алғашқы күнінен-ақ талабын өсіріп, болашағыма зор сенім артып келеді.

Былғары қолғап шебері болашағын спортпен байланыстырады. Талай байрақты бәсекелерде еліміздің атын шығаруды, кәсіби маман атанып, шәкірт тәрбиелеуді, оларды жаттықтыратын спорт залын ашуды армандайды. Аудан намысын қорғап жүрген жауқазын қызды әлі талай биіктерден көретініміз анық. Лайым солай болғай!

 

Сәуле Мұхадинқызы

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.