Қаракемер – төрт түлігі тең өрген округтердің бірі, мұндағы тұрғындардың дені мал шаруашылығымен айналысады. Ауыл өсіп–өркендеу жолында үлкен жетістіктерге жетіп, мал шаруашылығына ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл жерде «Нұрсұлтан» шаруа қожалығы – ерекше назар аударатын құрылымдардың бірі болып табылады.
Қаракемердегі тұрғындар тек мал шаруашылығымен шектелмейді, сондай-ақ, ұлттық спорт түрлеріне де белсенді қатысады.
«Тараз қаласында өткен ат бәйгесінде біздің сәйгүліктеріміз жеңіс тұғырынан көрініп, ұтыс ретінде қос ботаны қанжығаға байладық. Бұл жеңіс тек біздің емес, барлық Қаракемер ауылының жетістігі!», — дейді қожалық қызметкері.
Бұл олардың еңбегінің жемісі, жүйрік баптап, байлықты арттыру жолындағы қадамдарының бірі.
Шынайы еңбек әр кез адамды абыройға бөлері анық. Қай заманда болмасын береке малда. Мұны қазақ халқы ерте заманнан ұққан.
Жаңа жыл келген сайын маңғаздығымен ерекшеленетін түйе малының аңғалдығына еріксіз бас шайқап, кеміргіш тышқанның тапқырлығына таңдай қағатынымыз рас. Әлгі бір ертегідегі жыл бөлісу кезінде осылайша ойсылқара тұқымы жылдан құр қалғанын дүйім жұрт жақсы біледі.
Десе де, «Бәйгеден ұтып алған ботамыз сәттілік әкелсін!», – дейді, қожалық өкілі. Олар сәйгүлігінің мықты әрі шапшаң болуы арқылы, болашақта да жаңа жеңістер мен жетістіктерге жетуіне сенеді. Әрбір жеңіс – бұл тек қожалықтың ғана емес, тұтас ауылдың, ауданның абыройы мен беделінің көтеріліп, қазақтың мал шаруашылығын дамыту жолындағы табыстарының белгісі.
Қазақ қашанда төрт түлік малды ерекше қадірлеп, қастерлеген халық. Соның ішінде, әсіресе түйе малын барынша бағалаған. Оның сүтін шұбат қылса, етін азыққа, ал жүнін көрпе, төсек-орынға жаратып пайдаланған.
Қара жердің кемесі, төрт түліктің төресі қораңызда ойсылқара тұқымы көбейе берсін демекпіз!
Әділет ҚҰТТЫБАЙ