Цифрландыру – халықтың әл-ауқатын арттырудың құралы

0
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында айтылған бастамалардың ішінде мен үшін ерекше маңыздысы – мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту және халықтық цифрлық экономиканы қалыптастыру міндеті.

Мемлекет басшысы цифрландырудың мәні қолданыстағы үдерістерді жай ғана автоматтандыру немесе жаңа ақпараттық жүйелерді енгізу емес, нақты нәтижеге қол жеткізу екенін атап өтті. Бұл өте маңызды ұстаным. Өйткені цифрлық трансформацияның тиімділігі енгізілген платформалардың санымен емес, азаматтардың өмірінде болған оң өзгерістермен өлшенуге тиіс.

Әсіресе мемлекеттік аппаратты қағазбастылықтан арылту, қайталанатын функцияларды жою, шешім қабылдау үдерісін жеңілдету және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жөніндегі міндеттерді қолдаймын. Жасанды интеллект мемлекеттік қызметшінің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, басқарушылық шешімдердің сапасын арттыруға, бюджет қаражатын тиімді жұмсауға және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал етуі қажет.

Бұл міндеттер өңірлер үшін де аса өзекті. Бүгінде қалалар мен ауылдардың тұрақты дамуы инфрақұрылымдық жобаларды сапалы жоспарлауға, деректерге негізделген басқаруға және заманауи технологияларды ұтымды пайдалануға тікелей байланысты.

Президент атап өткен халықтық цифрлық экономика тұжырымдамасының басты құндылығы – технологияны әрбір азаматтың мүмкіндігін кеңейтуге бағыттау. Цифрлық шешімдер ауыл тұрғынына да, кәсіпкерге де, жас маманға да жаңа мүмкіндіктер ашуы тиіс.

Leave A Reply

Your email address will not be published.