ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МЕКЕМЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР АЗ ЕМЕС

0

Аудандық қоғамдық кеңестің үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығына арналған жоспарына сәйкес аудандағы денсаулық сақтау мекемелерінің халыққа қызмет көрсету жұмыстарына ішінара зерделеу жұмыстарының қорытындысы қаралды.

Денсаулық сақтау саласы мамандарының алдында медициналық қызметтердің сапасын арттыру, пациенттердің қадір-қасиеті мен құқықтарын құрметтеу, халықтың барлық топтарының қажеттіліктері мен осал тұстарын ескере отырып, халықтың қажеттіліктеріне жауап беру міндеттері тұр.
Осы бағытта жұмысты әлі де жүйелі түрде жандандыру керек екендігі атап көрсетілді. Көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына қанағаттанбаған жағдайда, медицина қызметкерлерінің дөрекі қарым-қатынасына, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік денсаулық сақтау жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтер үшін ақша бопсалау фактілеріне тап болған жағдайда пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметінен көмек сұрап, жазбаша түрде арызбен ішкі аудитке қайырылуға болатынын ауданның халқы әлі де біле бермейтіндігі айтылды.
Сонымен қатар, зерделеу барысында аудандық аурухананың ас мәзірі тиісті қаулыға сәйкес келмейтіндігі анықталды, кейбір тамақ түрлерінің бекітілген нормадан кем берілу фактілері кездеседі, кейбір өнімдерге нормаға сәйкес тапсырыс берілмеген.
Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті цифрландыру «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында интернетпен қамтамасыз ету, медициналық ақпараттық жүйелерді интеграциялау және ақпараттық-технологиялық шешімдерді дамыту тұрғысынан жалғасады. Осы бағытта аудандық емханада «ресепшн» бөлімі ашылып, келушімен немесе тұтынушымен кездесу, қызметтер туралы ақпарат беру, келушілерді тиісті адамға, кеңсеге немесе бөлмеге бағыттау, есепке алуды жүргізу және келушілер карталарын беру, телефон қоңырауларына жауап беру және бағыттау қызметтерімен айналасуда. Сонымен қатар, электронды өзіне-өзі қызмет көрсету орталығы ашылып, емделушілердің «егов» қосымшасы арқылы анықтамаларды алуына мүмкіндік туындаған. Десек те, аудан тұрғындары жедел жәрдемнің облыс орталығы арқылы шақыртылатындығына наразы. Дер кезінде қоңыраудың түспеуі, «жедел жәрдем» деген атауға лайық болмай кеш келуі, көшелерді танымау себебінен басқа мекенжайды көрсетіп, көліктің адасып кету фактілері орын алуда.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске сәйкес емхана деңгейінде бейінді мамандарға жазылу учаскелік дәрігердің қарауынан кейін жүзеге асырылады, көрсетілімдер болған кезде пациент бейінді маманға жіберіледі. Осы жағдай халық арасында дұрыс қабылданбай отырған жүйе. Кезекте тұрған науқастармен сөйлесу барысында алдын ала талон алып қабылдауға жазылғандарына қарамастан, кезек күтіп тұратындықтарын, ертеден кешке дейін уақыттарын емханада терапевтің қабылдауын күтіп, келесі жолы тура осындай кезекте «бейінді мамандарға» тұратындықтарын айтты, бұл жүйенің тиімсіз, ыңғайсыз екендігін алдыға тартты.
Сонымен қатар МӘМС жүйесіне қатысты мәселені де айта кеткен жөн. Аудандағы МӘМС жарналарын төлемеген азаматтармен жұмыстарды әлі де жүйелі түрде жандандыру қажет, бүгінгі күнге 33367 адам сақтандыру мәртебесін алмаған.
Зерделеу жұмыстары барысында ауданда дәрігерлердің жетіспейтіндігі анықталды, 2022 жылы 15 жас маман-дәрігерлер келген, 2023 жылы 13 маман — дәрігер жетіспейді. Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына жоғарыда көрсетілген мәселелер бойынша хат жолданды. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері З.Қадырбековаға тиісті іс-шаралар қабылдау туралы ұсынымдар берілді.
Б.ҚАРАМОЛДАЕВА, Қордай аудандық қоғамдық кеңесінің төрайымы

Leave A Reply

Your email address will not be published.