20 желтоқсан күні ауданымызға жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Әбілфас Хамедов, Андрей Линник және Ілияс Буларов келіп сайлаушылармен кездесті. Халық қалаулылары аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбаймен бірге Масаншы және Сортөбе ауылдарында кездесулер өткізді.
Дүнген этносының өкілдері Қазақстанда ондаған жылдар бойы өмір сүріп және барлық қазақстандықтармен бірге күн сайын өздерінің еңбектерімен және түрлі салалардағы үлестерімен ел дамуына өзіндік үлес қосуда. Халық қалаулылары Масаншы ауылында 2004 жылы салынған «Қазақ еліне мың алғыс» ескерткішіне барып гүл шоқтарын қойды. Ескерткіш түрлі этнос өкілдерінің қазақ халқына деген шексіз ризашылығын білдіреді.
Дүнген халқы сол бір қиын-қыстау жылдары жер ауып келгенде панасына алып, аштық пен өзге де қауіптен аман алып қалған қазақ халқына айтар алғысы шексіз, — деді Ілияс Буларов.
Бұл ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсіміне ауыл ақсақалдары, ауданның құрметті азаматтары және қоғам белсенділері қатысты. Өзінің салтанатты сөзінде ақсақалдар біздің бірлескен бай тарихымыз, табысты бүгінгі күніміз және ортақ болашағымыз бар екенін айтты.
Содан кейін Масаншы ауылының білім қызметкерлерімен кездесу өтті. Жақында ғана бой көтерген білім ордасында оқу кабинеттері заманауи компьютерлермен, электронды тақталармен және жоғары жылдамдықты интернетпен жабдықталған. Робототехника кабинеті ерекше назар аударуға тұрарлық, мұғалімдер айтқандай, бұл шексіз мүмкіндіктері бар сынып. Бейнелеу өнері кабинеті жаңа тігін жабдықтарымен қамтылған, қабырғалары қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтар, білім алушылар жұмыстарын ресімдеуге ұсыныстар жазылған стендтермен безендірілген.
Келесі кезекте депутаттар Сортөбе ауылдық мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Оған ауыл тұрғындары, орта мектеп мұғалімдері, кәсіпкерлер және жастар қатысты. Өз сөзінде депутаттар Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуының негізгі кезеңдері мен Еліміздің 30 жыл ішінде жеткен жетістіктеріне тоқталып, халықты Мәжіліс жұмысы, қабылданған заңдар, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы жұмысы туралы хабардар етті.
Бұдан кейін тұрғындар аудан экономикасы мен әлеуметтік деңгейіне қатысты түрлі сауалдарын қойды. Тұрғындардың өтініштерін қолдап, барлық мәселелерді уәкілетті органдардың алдына қоюға, сондай-ақ тиісті заң жобалары бойынша Парламент Мәжілісінің жұмыс тобына ұсыныс енгізуге уәде берілді.
Өз кезегінде ауыл тұрғындары халық қалаулыларына алғыстарын білдірді.
Жиынның қорытынды бөлімінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ел дамуына қосқан ерекше үлесі үшін халық қалаулылары ауылдың бірқатар тұрғындарына Құрмет грамоталарын табыс етті. Олардың қатарында мұғалімдер, дәрігерлер, аграрийлер, қоғам белсенділері бар.
Іс-шара мерекелік концертпен аяқталды.