ДЕПУТАТТАР УӘДЕСІ ОРЫНДАЛАДЫ

0

 

Өткен дүйсенбіде Қордай ауданына жұмыс сапарымен Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Махметғали Сарыбеков келіп, бірнеше нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Облыстық мәслихат хатшысымен бірге аудан әкімі Рүстем Дәулет және аудандық мәслихат хатшысы Нұрдин Садықов жүріп, Отар ауылдық округіне барды.

Бірінші кезекте Отар ауылдық Спорттық-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты. Жақында ғана қолданысқа берілген спорт сарайының есігі бүгінде барлық тұрғындарға ашық. Аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дидар Молдағалиев қонақтарды спорт нысанымен таныстырып, спорт секциялары жайында баяндап берді. Оның айтуынша, бұл кешенде 7 спорт түрінен жаттығулар жүргізіледі. Спорт кешені барлық қажетті жабдықпен қамтылған. Балалардың спортпен шұғылдануға деген ынталары жоғары. Себебі, бұл олардың көптен күткен арманы болған. Дидар Молдағалиев болашақта Отар ауылынан мықты спортшылар шығатынына үлкен үміт артады. Сонымен қатар ол Махметғали Сарыбековке аудан спортшыларының жеткен жетістіктерін тізіп, жақында ғана бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатынан қола жүлдемен оралған жерлесіміз Дияс Молжігітовты ерекше атап өтті. Өз кезегінде балақайлардың жаттығуларын көрген Махметғали Нұрғалиұлы оларға үлкен белестерге жетуіне тілектес екенін айтты.

Осыдан кейін Махметғали Сарыбеков құрылысы қарқынды жүріп жатқан мәдениет үйіне соқты. 180 орындық өнер ошағын «А-Байсын» ЖШС жүргізуде. Жобалық құны 296 миллион теңгені құрайтын нысан құрылысы жақын арада аяқтылуы тиіс. Қазіргі уақытта ғимараттың шатырын жабу, ішкі және сыртқы әрлеу жұмысы жүруде. Махметғали Нұрғалиұлы көптеген елді мекендерде мәдениет үйлері кішігірім ғана етіп салынып жатқанын айтып, 180 орындық ғимаратты салу дұрыс шешім екенін атап өтті.

Келесі кезекте Махметғали Сарыбеков, Рүстем Дәулет және Нұрдин Садықов Гвардейский қалашығындағы иммундық препараттар шығаратын биофармацевтикалық зауытта болып, ғылыми кешеннің жұмысымен танысты. Зауыт өкілдері нысанмен толықтай таныстырып шығып, болашақта мұнда жылына 90 млн дозаға дейін вакцина өндіру көзделіп отырғанын жеткізді. «QazVac» немесе «QazCovid-in» атымен елге танылған отандық өнімнің алғашқы партиясы бүгінде еліміздің ауруханаларына жеткізіліп үлгерген.

Осыдан соң қонақтар аталмыш институттың жанынан қызметкерлерге салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Мұнда 60 пәтерлі бір тұрғын үй пайдалануға берілген. Қосымша тағы екі үйдің құрылысы жүруде. Махметғали Сарыбеков аталмыш үйдің ішіне кіріп, 1, 2 және 3 бөлмелі пәтерлерді көріп шықты. Рүстем Дәулеттің айтуынша, осы жерде сонымен қатар жаңа спорт кешенінің құрылысы жоспарлануда. Демек, ғылыми зерттеу институтының қызметкерлеріне барлық жағдай жасалынады.

Аталмыш нысандарды аралап шыққан Махметғали Нұрғалиұлы осыдан кейін Қордайда мәслихат депутаттарымен кездесті. Келелі отырыста Рүстем Дәулет «Nur Otan» партиясының ауданды кешенді дамытуға бағытталған 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасының 7 басымдығы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды жіпке тізді. Елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, жол, тұрғын үй, мәдени және медицина нысандарының құрылысы сынды маңызды істерді айтып өткен аудан әкімі халыққа берген уәделер міндетті түрде орындалуы керектігін алға тартты. Жиында Махметғали Сарыбеков жалпы депутаттардың жұмыстары жайында кеңінен әңгіме өрбітіп, болашақ жоспарларды да баяндады. Сондай-ақ, ол аудандық депутаттардың тарапынан түскен өтініштерге құлақ түріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.

 

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.