«Digital Kazakhstan – заманауи білімде»

0

27 тамыз күні аудандық Мәдениет үйінде білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Педагогтердің дәстүрлі тамыз кеңесіне маслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары және ауылдық округ әкімдері, қоғамдық кеңестің төрайымы, ардагерлер кеңесінің төрағасы, құқық қорғау органдарының өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары, кәсіподақ ұйымының өкілдері, педагогика саласының ардагерлері, ата-аналар қауымдастықтары мен білім беру саласының қызметкерлері қатысты.

Ең алдымен жиналған көпшілік мектеп оқушылары ұйымдастырған көрмені тамашалады. Көрмеде әр түрлі жастағы балалардың өз қолымен жасаған жаңа технологиялық электронды заттарын таныстырып өтті. Содан соң, іс-шараның ресми бөлімі басталды. Кеңестің тақырыбы «Digital Kazakhstan – заманауи білімде». Қонақтар залға өтіп, алдымен тақырыпқа байланысты бейнеқойылым, содан соң аудандағы білім саласының қазіргі жағдайы, жаңа оқу жылына арналған жоспарлары бойынша аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбайдың және аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбековтың баяндамаларын тыңдады. Дамира Маратқызы баяндаманы оқып бітірген соң, мектеп басшылары мен ұстаздарды марапаттау рәсіміне кірісті. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен ардагер ұстаздар  Б.Момышұлы атындағы орта мектебінің Гульбайрам Токтубаева және Ә.Бөкейхан атындағы орта мектебінің ардагер ұстазы Орал Нуспеков марапатталды, ал  Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтың Құрмет грамотасымен №1 Д. Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының педагог-психологы Әсел Керімқұлова мен Алғыс хатымен №43 Б.Момышұлы атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гульмира Мамутова марапатталды.

Содан соң, «Инновациялық режимдегі мектептер» номинациясының жеңімпаздарына сертификаттар табысталды. Әртістер сахнада ән шырқаған соң, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов құттықтау сөз сөйлеп, марапаттау рәсімі ары қарай жалғасты.

Марапат рәсімі жалғасып, Қордай ауданы білім бөлімінің басшысы Санат Сағынбекұлы, білім қызметкерлері кәсіподағының Қордай аудандық комитетінің төрайымы Қарлығаш Қыпшақбаева бірқатар педагогтерді марапаттады. Сонымен қатар, бұл күні бірқатар балабақша қызметкерлері де грамоталарға ие болды.

Содан кейін Санат Әшірбеков пен Қарлығаш Қыпшақбаева Республикалық білім беру мекемелері арасында ұйымдастырылған «ОРТА БІЛІМ БЕРЕТІН ҮЗДІК ҰЙЫМ» байқауының аудандық кезеңінің жеңімпаздарын және аудандық «ҮЗДІК ЗЕРТТЕУ АЙМАҒЫ» байқауының жеңімпаздарын да марапаттады.

Сонымен қатар, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Қордай ауданы білім бөлімінің Құрмет грамотасымен ауданымыздың білім беру жүйесін жетілдіруге қосқан елеулі үлесі және педагогикалық қолдау мен кәсіби ізденісі үшін №4 мектеп-лицейдің директоры мен орынбасарлары марапатталса, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыруда жасаған елеулі еңбегі үшін аудандық білім бөлімінің Алғыс хатына бірқатар қызметкерлер иеленді.

Саналған күннен кейін барлық білім беру ұйымдарында алғашқы қоңырау соғылады. Ұстаздар мен оқушылардың алдыларында тағы бір оқу жылы бар. Оның сәтті өтуіне тілектеспіз!

Мадина УЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.