ЖАҢА ӨМІРГЕ БАСТАЙТЫН ҮН

0

25 мамыр – еліміздің мектептерінде соңғы қоңырау соғылатын күн. Бұл уақытты оқушылар асыға күтеді. Себебі, бір жыл бойы алған білімдер мен тәжрибелердің қорытындысы ретінде, оқушылар жаңа бағыттарға, жаңа мүмкіндіктерге қарай қарқынды қадам басады.

Биыл ауданымыздың білім ордаларында, оның ішінде Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп лицейінде де ерекше салтанат ұйымдастырылды. Мерекелік шараға Қордай ауылдық округінің әкімі Әділет Қаспақбаев, мектеп директоры Гүлмира Байсуанова, ардагер ұстаздар, ата-аналар мен білім алушылар қатысып, мектеп алаңы қуанышқа толды.

Шара барысында, округ әкімі Әділет Меделбекұлы барша түлектерді 2025-2026 оқу жылының аяқталуымен құттықтап, алдағы уақытта зор жетістіктерге жетуді тіледі. Мектеп бітіруші түлектер енді үлкен өмірге, жаңа тәжірибелер мен жетістіктер әлеміне аттанады.

Мектеп директоры Гүльмира Болатқызы өз сөзінде оқушыларға құттықтау білдіріп, білімдерін одан әрі арттыруға үндеді. Ұстаздардың еңбегі тек білім беру емес, сонымен қатар өмірге дайындау, бағыт-бағдар беру екенін атап өтті.

Сонымен қатар, мерекелік шарада оқушылар шығармашылықтарын көрсету мақсатында, концерттік бағдарламалар да ұсынылды.

2025–2026 оқу жылында мектеп-лицей оқушылары түрлі пәндік олимпиадалар мен шығармашылық, ғылыми байқауларға белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Атап айтқанда, облыстық деңгейде 31 оқушы жеңімпаз атанса, республикалық деңгейде 2 оқушы жоғары нәтиже көрсетіп, мектеп мерейін үстем етті.

Сонымен қатар, 10-11 сынып оқушыларына арналған Алтын түлек олимпиадасынан жоғары оқу орындарының білім гранттары мен арнайы жеңілдіктерін иеленіп, үлкен жетістікке қол жеткізді. Екі оқушы жоғары оқу орнының 100 пайыздық оқу жеңілдігін жеңіп алса, бір оқушыға 40 пайыздық жеңілдік алған. Бұл – оқушылардың табанды еңбегі мен ұстаздардың сапалы білім беруінің айқын нәтижесі.

Жыл бойы мектептің дарынды оқушылары ғылыми жобаларға, интеллектуалдық сайыстарға, өнер және спорт бағытындағы түрлі байқауларға қатысып, өз қабілеттерін жан-жақты танытуда. Осындай жетістіктер арқылы мектеп ұжымы білім сапасын арттыру жолындағы еңбегінің жемісін көріп отыр.

Ұлжан БОЛАТҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.