ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМНІҢ САЯСИ АЛҒЫШАРТТАРЫ

0

Өкінішпен мойындайтын жәйт — бүгінгі Қазақстанда дін әу бастағы міндеті — біріктіруші фактор болудың орнына кейде керісінше жік-жікке бөлінуге, тіпті араздыққа жол берді. Бұның артты мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі әбден мүмкін. Әрине, Исламның айтылғанға еш қатысы жоқ. Мәселе асыл дінімізді өздігінше бұрмалап уағыздайтын жекелеген топтар мен тұлғаларға, олардың көздеген түпкі мақсаттарына келіп тіреледі.

ТАРИХҚА ШАЄЫН ШОЛУ
Кезінде, 1991 жылы, өктем Кеңес Одағы ыдырап, онымен бірге дін атаулыны жоққа шығарушы атеизмнің заманы келмеске кетті. Жаңа дәуірде тәуелсіздігін алған алғаш күндерден бастап Қазақ мемлекеті ұлттық болмысты жаңғырту ісіне кірісіп кетті. Тіл, дәстүр, мәдениет секілді рухани құрауыштардың қатарында Исламға да ерекше көңіл бөлінді. Алайда «Дін – әпиын», деген ұранмен дүйім елдің сенім-нанымын аяусыз жаныштаған 70 жылдан астамғы сұрапыл атеизм ізсіз қалмады. Тарихтың сындарлы сәтінде дініміздің қоғамда өрлеуіне мұрындық боларлық отандық молда-имамдар, ең болмаса жеткілікті діни сауаты бар ойшылдар жоқтың қасы еді. Ол кезде елімізде бірде-бір діни университет тұрмақ, қарапайым медресе де болған емес.
Осындай киын сәтте бірқатар бауырлас мұсылман мемлекеттері бізге көмек қолын созды. Сауд Арабиясы, Түркия, Мысыр, Иордания, Ливия, басқаларынан Құран Кәрімнің, діни кітаптардың нұсқалары әкелініп таратылды. Жаңа мешіттердің құрылысы қолға алына бастады.
Аталған сарынмен 1990 жылдардың басынан-ақ қазақ жастары діни сауатын ашу үшін араб елдеріне беттеді. Олардың оқу шығындарын да жергілікті ауқатты қорлар көтерді. Әлбетте өз мүмкіндігіміз шектеулі шақта ағайын елдердің қолғабысына айтар алғысымыз шексіз.
Алайда істің қолайсыздау екінші тұсын айтпай кетпеске болмас. Сөз болып отырғаны сыртта тағлым алған шәкірттер қазақтың Ата-бабадан мирас боп қалған дәстүрлі түсінігіндегі емес, көбіне араб ұғымындағы діни түсінікпен бері оралғаны. Оның ішінде салафшыл-уахабшыл сынды асыра сілтеуші бағытты ұстанғандар да табылды.
ДІН МЕН ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМНІҢ
АРА-ЖІГІ ТУРАСЫНДА
Жоғарыда аталған керағар ұғымдағы шолақ белсенділер қазақтың арасында іріткі салды. Арабтарға еліктесе, оларша сақал қойып киінсе, бетті бүркемелесе, қазақтың сөзін арабша баламаға алмастырса бітті — таза мұсылман боласың деген тұрпайы пікір етек жайды. Есесіне Ислам дегеніміз сырт пішін емес, ең алдымен ыждахат, иманға келу, адалдыққа ұмтылып, сабырлық таныту, мұқтаж жандарға көмек беру, ашу-ызаны ақылға жеңгізу, кешірімшіл болуды меңзейтін ілім екені ескерілмей қалды. Жүре-бара салафшылар ұлтымыздың сан ғасырлық әдет-ғұрпын, құндылықтарын жоққа шығарды.
Мұхамед Пайғамбардың өзі (с.ғ.с.) хадистердің бірінде сахабаларына айтқаны бар: «Ислам жолында сендер ертеңгі күні түрлі елдерге барып Алланың хикметін жеткізесіздер. Сонда Шариғатқа қайшы келмесе сол елдердің әдет-ғұрпына, сенім-нанымына құрметпен қарап ардақтаңдар». Және дәл осы ұстаныммен Қазақ жерінде орныққан Ханафи мазхабы Исламды жерглікті құндылықтарға қарсы қоймай, қайта өзара үйлесіп байи түсуіне қолайлы жағдай туғызды. Бұның арты Қазақ даласының, жалпы Түркі әлемінің Ислам өркениетінен ойып өз орнын алуына жол ашты. Аталған ретте әлі күнге шейін күллі Мұсылман үмбеті қастерлеп бас иетін Әл-Фараби, Әл-Бухари, Бейбарыс, Яссауи сынды жауһарлардың есімдерін атаса жеткілікті.
Ал, экстремизм біткеннің бәрі шектен шыққандық дегенді білдіреді. Соның ішінде діни экстремизмге иә радикализмге тоқталсақ, оның артында жамағаттың сенім-нанымын саясиландыруды көздеген арам пиғылдың, сырт күштердің арандатып жатқанын көреміз. Ал бұған мойын ұсынар болса арты неге ұласатынын кезінде экстремизмнің жетегінде кетіп бүгінде быт-шыты шыққан Сирияның, Либияның, Йеменнің, Мысырдың, Алжирдің тағдыры куә.

ДІН, ЗАМАН ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТЫҢ ҮЙЛЕСІМІ ХАҚЫНДА
ХХІ ғасырдағы әлемнің, оның ішінде мұсылман елдерінің жаңаруға, ғылым мен технологияларға ілесуі заман талабы болып табылады. Назар аударарлығы – діни дәстүрлерін қатаң ұстанған Сауд Арабиясы, Иран сынды елдердің өзі бүгінде ғаламдық модернизация үдерісіне қарқынды ену үстінде. Соның бір көрінісі сипатында аталған елдердің жастары бетті бүркемелеу, ұзын сақал қою секілді ескіліктің рәміздерінен алшақтауда. Әлбетте мұнысы діни ұстанымынан қол үзуді білдірмейді, қайта оны уақыт талабына сай жаңғырту мен икемдеуге келіп саяды.
Айналып келгенде дін ескілікті дәріптеу ғана емес, қайта алдыңғы буындардың рухани ғибратын заман талабына сай қорытып кәдеге жарата білуді алға тартады. Керек десеңіз осындай бірегей қабілетіне бола дін ғасырлар бойындағы өміршеңдігін сақтап, өрісін кеңейтумен келеді. Демек, өркениеттің бірізді дамуын тоқыратуға әуез, бүгін мен ертеңді өткенге ғана бағынышты етпек күштер кәдімгі өмір философиясына қарсы шығып отырғаны айтпаса да түсінікті.
Діннің жасампаз әлеуетінен көрі оның атын жамылған қауіпті идеологияның етек жаюы, әлбетте, жекелеген мемлекеттің әлсіздігін білдіреді. Әсіресе аталған жағдай материалдық құндылықтарды бірінші орынға шығарып, руханиятқа немқұрайлық танытқан елдерге тән. Және керісінше жауапкершілігін жіті ұғынған қоғам дер кезінде әрекеттеніп зор пәленің алдын алады.
Айтылғанға дәлел ретінде бүгінгі Өзбекстандағы ахуалға зер салайық. Ауғаныстан мен Тәжікстандағы соғыс қаупі, іштегі алуан түрлі діншіл радикалдардың есесіне қарамастан неліктен көршімізде уахабшы атаулылар тойтарыс алды? Себеп оларды қатқыл түрде басып-жаншуда ғана жатқан жоқ. Мәселе діннің құдіретін дұрыс бағалап Өзбек билігі 1990-жылдардың өзінен-ақ дәстүрлі бағыттағы имам-молдаларына барынша қолдау көрсетіп жеткілікті түрде еркіндік бере алғанында. Жастарының діни тағлымын шетте емес, өз елінде алуын кешенді түрде қамтамассыз еткенінде. Осының негізінде әлгілер елдің сана-сезімі үшін күресте бүгінгі заман тілімен айтқанда бәсекелестікке қабілетті бола алды.
Ендеше кеш те болса осындай игі тәжірибені Қазақ та қолға алғаны жөн. Сайып келгенде Абайды, Шәкәрімді, Мағжанды, Мәшһүр Жүсіпті оқып-білген, Қазақ тілі мен мәдениетінен сусындаған, ішкі жан-бітімі мығым боп өскен ұрпақ ешқашан келімсек ағымдардың арбауына түспейді.

Жамбыл облысы әкімдігі
«Дін проблемаларын зерттеу орталығы»

Leave A Reply

Your email address will not be published.