Сарысу және Талас аудандарында Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ жүзеге асыратын «Достық керуені» жобасы аясында этносаралық келісімді нығайтуға, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге және жастар тәрбиесіне бағытталған мәдени, танымдық және спорттық іс-шаралар өтті.
Бағдарлама аясында мәдени мұра көрмелері, шығармашылық кездесулер, жастар тренингтері, қоғамдық кеңестердің отырыстары мен спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Сарысу ауданында ұлттық тұрмыс бұйымдары, қолөнер туындылары, сондай-ақ «Талант» студиясының жетекшісі Мақсат Омаров пен оның шәкірттерінің шығармашылық жұмыстары ұсынылды. Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің ұстаздары мен оқушылары домбырамен музыкалық шығармалар орындады. Ал Талас ауданында Қазақстандағы бейбітшілікке, достық пен бірлікке арналған «Қыран елім — Қазақстан!» жас суретшілер көрмесі ұйымдастырылды.