«ЕҢ БАСТЫСЫ НАҚТЫ ІС БОЛУЫ КЕРЕК»

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында елімізді дамытуға қатысты бірқатар маңызды бастамаларды көтерді.

Соның ішінде, әсіресе, елді ұйыстыруға, ынтымақ-бірлігін нығайтуға қатысты айтқан сөздері көңілге медеу болды.

«Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді. Тіпті, шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды. Ономастика саласында белгілі тарихи тұлғалармен қатар, жалпыұлттық құндылықтар да назардан тыс қалмауға тиіс. Тәуелсіздік, республика, бірлік сияқты мемлекеттілігіміздің басты тұғыры саналатын негізгі ұғымдарға баса мән беру керек. Елдігімізді сақтаймыз, мықты мемлекет боламыз десек, осының бәрін естен шығармаған абзал»,-деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы. Шын мәнінде, азаматтар  жеке мүдделерін емес, ел мүддесін ойлауға, жалпыұлттық деңгейде ойлануға ұмтылуы тиіс.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мәселесіне де тоқталып өтті. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастағанын атап өткен Президент ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайту – мемлекеттік саясаттың негізгі міндеті екенін айтты. «Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек»,-деді Мемлекет басшысы. Осымен үшінші жыл қатарынан өтіп жатқан Ұлттық құрылтай жан-жақты идеялар мен бастамаларды біріктіретін ауқымды алаңға айналғаны рас. Ендігі мақсат – айтылған ұсыныстар мен бастамалардың жүзеге асуына атсалысу.

Әбдібек СЕЙІЛХАНОВ, Қордай ауданының Құрметті азаматы

Leave A Reply

Your email address will not be published.