ЕГІСТІКТЕ ЖҰМЫС ҚЫЗҒАН ШАҚ

0

«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» қордайлық диқандар бүгінде бірталай белесті бағындырып, көктемгі егіс-дала жұмыстарын қолға алған жайы бар.

Егіс алқаптарына тартылған жүздеген трактор, үш жүзге жуық соқа мен арнайы дәнсепкіштер жұмылдырылды. Биылғы жылы жалпы ауыл шаруашылығы дақылдарын 100800 гектар жерге орналастыру жоспарлануда. Нақтырақ айтсақ, күздік бидай — 20100 га, жаздық арпа — 36500 га, дәндік жүгері — 6500 га, қант қызылшасы — 1300 га, картоп — 2000 га, көкөністер — 3500 га, бақша дақылдары — 300 га және мал азығы дақылдары — 30600 га алқапты құрайды.  Көктемгі дала жұмыстарына 11112  тонна тұқым қажет болса, оның 10946 тоннасы диқандардың қолында бар.

Жалпы, ауа райының жайын баққан шаруалар үшін биылғы көктем қолайлы. Осы сәтті пайдалануға тырысқан диқандар аудан алқаптарындағы тіршілікті қыздыра түсірді. Ауыл шаруашылық техникалар да қажетті жанар-жағармаймен қамтамасыз етілген. Көктемгі дала жұмыстарына 69 шаруа қожалығы «ГосАгро» ақпараттық жүйесі арқылы арзандатылған 869,36 тонна дизель отынына өтінім берді. Бекітілген 1 литр дизельдің бағасы 250 теңгеден аспауы тиіс. Сонымен қатар, 2024 жылы 44400 гектар егістікке 11100 тонна минералды тыңайтқыш дайындалған екен. Биылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін «Қордай» несие серіктестігі ЖШС-і арқылы «Кең дала» бағдарлама арқылы 150 млн.тг игеру жоспарлануда.

Дегенмен, диқандар ескеруі қажет тұстар да жоқ емес. Мамандар жергілікті шаруалардың биыл да су тапшылығына тап болуы мүмкін екенін ескертеді. Өткен жылғы жағдай қайталанбас үшін, ылғалды аз қажет ететін, сұранысқа ие дақылдарды егуге кеңес береді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.