«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген хәкім Абайдың даналық сөзін өмірінің темірқазығына айналдырған жандар аз емес. Әрбір шаңырақтың берекесі – маңдай термен келген адал ырысқа байланысты. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – Қордай ауданы, Шарбақты ауылының тұрғыны, мал шаруашылығын кәсібіне айналдырып, қоғамға өз үлесін қосып отырған азамат Абдраманов Нұрғазы.
«Ата кәсіп – өмірдің өзегі» дейді, кәсіпкер. Нұрғазы үшін мал шаруашылығы – ата-бабадан қалған сара жол, қанына сіңген қасиетті кәсіп. «Мал баққанға бітеді» деген ұлағатты сөзге сүйенген ол, таңның атысынан күннің батысына дейін төрт түліктің бабымен айналысады. Сиырды баптап, сауған сүтін өңдеп, оны нарыққа шығару арқылы отбасының әл-ауқатын жақсартып, дәстүрлі гастроиндустрияға өз үлесін қосып келеді. Ол үшін туған жердің әрбір түйір топырағы қымбат. Күнделікті мал басын суға айдап, кешқұрым қоралап, күтімін жасау – Нұрғазы мырзаның үйреншікті тіршілігі. Алайда, оның өмірге деген көзқарасы тек қана еңбекпен шектелмейді. Ол – тағдырдың сынына мойымай, мүмкіндігі шектеулі болса да, жүрегіндегі қайсарлық пен өмірге деген құштарлықты өшірмеген жан.
Мемлекеттік грант – мүмкіндіктердің алтын кілті екенін дәлелдеген кейіпкеріміз, қайтарымсыз кредиттің пайдасына кенеліп отыр. Кез келген кәсіптің алға басуы үшін алғашқы серпін, яғни мемлекеттік қолдау ауадай қажет. Нұрғазы Абдраманов өз ісін кеңейтуді жоспарлап, «Мансап» орталығы арқылы берілетін қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізді. Бұл – мемлекеттің қарапайым еңбек адамына деген зор сенімі мен қолдауының белгісі. «Қайтарымсыз грант – кәсіпкерлер үшін берілген үлкен мүмкіндік. Мемлекет бөлінген қаржыны қайтар деп талап етпейді, тек кәсібіңді дөңгелетіп, нәтиже көрсетсең болғаны. Мен осы сенімді ақтау үшін мал басын көбейтіп, бүгінде сүт өнімдерін – құрт пен майды нарыққа шығарып, халықтың алғысына бөленіп отырмын», – дейді кейіпкеріміз.
Оның алдағы жоспары да ауқымды: мал басын арттырумен қатар, жер жыртып, жем-шөп базасын өз күшімен қамтамасыз ету. Бұл – кәсіпкерліктің шеберлігі, ауыл шаруашылығын дамытуға қосылған нақты үлесі болмақ.
Ауылдағы жайлы өмір арқылы, жас өренжерді еңбекке шақыруды мақсат тұтады. Нұрғазы Шарбақты ауылындағы бүгінгі жағдайға дән риза. «Ауылымыз көркейіп келеді. Газ келіп, интернет тартылды, жолымыз жөнделіп, су жүйесі толыққанды іске қосылды. Мұндай жағдайда қол қусырып отыру – үлкен қателік», – деп ағынан жарылады ол. Әрине, ауыл өмірінде табиғаттың тосын мінезі де кездесіп тұрады. Жаңбыр жауып, төтенше жағдай орын алған күндері ауыл әкімі Ерсерік мырзаның жедел әрекет етіп, жолды тазартып, халыққа демеу болғаны – жұртшылыққа көрсетілген үлкен қамқорлығы. Мұндай қолдау бар жерде кәсіптің де, тірліктің де берекесі болмақ. Дегенмен, кәсіпкерді алаңдататын бір мәселе бар: ол – жастардың мал шаруашылығына деген қызығушылығының төмендігі. «Мал бордақылау, оны өсіру – тек жеке бастың ғана емес, еліміздің экономикасына да өте тиімді кәсіп. Жастар осыны түсініп, ата кәсіпке бет бұрса, ауылымыздың болашағы бұдан да жарқын болар еді», – деп жастарды адал еңбекке шақырады.
Осы тұста «Мансап» орталығы – кәсіпкерлердің сенімді серігі екенін айта кеткен жөн. Егер сіз де өз кәсібіңізді бастауға немесе бар ісіңізді жаңа деңгейге көтеруге ниетті болсаңыз, ауданыңыздағы «Мансап» орталығына хабарласыңыз. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі мен грант алу жолдары туралы толық ақпаратты сол жерден алуға болады.
Нұрғазы Абдрамановтың кәсіпкерлік өмірі – еңбек еткен адамның еңсесі әрқашан биік болатынының айқын дәлелі. Оның бүгінгі жетістігі – тек бастамасы ғана. Алдағы уақытта оның қорасы малға толып, дастарқаны берекелі боларына кәміл сенеміз.
К.Ахан