ЕҢБЕК ЕТСЕҢ ЕРІНБЕЙ

0

Қордай ауданында ауыл шаруашылығының дамуы тек егін мен бау-бақшамен шектелмей, мал шаруашылығында да қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Әсіресе, мал тұқымын асылдандыру мен бордақылаумен айналысатын шаруашылықтардың саны артқан. Осындай шаруашылықтардың бірі – Қарасай ауылдық округінде орналасқан «Қарлығаш» шаруа қожалығы.

Бұл қожалық мал шаруашылығы саласында жаңашылдық пен жетістіктерге ие болып, заман талабына сай даму үстінде.

«Қарлығаш» шаруа қожалығын басқарушы Бекзат Алиевтің айтуынша, бүгінгі таңда оның 200 бұқасы бар.

«Былтыр әкелген бұқашықтар бүгінде бордақылануда және ет өнімдері ретінде өткізуге дайын. Біздің бордақылау алаңымыз бір мезгілде 300 бұқа байлауға есептелген. Біз жем-шөбімізді өз кәсіпорнымыздан қамтамасыз етеміз, бұл бізге өндірісімізді тиімді басқаруға мүмкіндік береді», — дейді ол.

Шаруашылықтың негізі ертеректе әкесі Ғани Алиев тарапынан қаланған. Кәсіби білім мен тәжірибе жинақтаған кейіпкеріміз, шаруашылықты одан әрі дамытуға мақсат қойған. Ол мал шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттік бағдарламаларды белсенді түрде пайдалануда. Шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекетіміз айрықша назар аударып, түрлі бағдарламалар мен қолдаулар ұсынып келеді. Елдегі бизнес ахуалының оң өзгерісі, ауыл-аймақта кәсіпкерліктің кең таралуына әкелді. Әсіресе, жастар мен ауыл тұрғындары арасында бизнеске қызығушылық артып, кәсіпкерлікті қолға алатын азаматтардың саны күн санап өсе түсуде.

«Ауыл шаруашылығына қажетті техникаларды сатып алу үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ-нан бір бірлік техника алғанбыз. Бұл біздің шаруашылықты жаңа деңгейге көтеруге көмектеседі», — дейді шаруагер.

Мал тұқымын асылдандыру мен бордақылау жұмыстарын жүзеге асыру — ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы үшін маңызды.

Ауылдағы кәсіпкерлік неғұрлым дамыған сайын, аудан экономикасының өркендеуіне де соғұрлым оң әсер етеді. Жергілікті кәсіпкерлер жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді. Сонымен бірге, кәсіпкерлер жергілікті өнімдерді өндіру арқылы ауылдың экономикалық негізін нығайта отырып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік туғызады.

Бекзат Алиевтің кәсібилігі мен бақылауындағы «Қарлығаш» шаруа қожалығы – елдегі мал шаруашылығын дамытып, ұлттық тағам өнімдерінің сапасын арттыруға бағытталған бастамалардың жарқын үлгісі.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.