ЭКОНОМИКА ҚАЙТАДАН ЕҢСЕ ТІКТЕЙ МЕ?

0

Жақында ғана Еуразиялық даму банкі 2022-2024 жылдарға арнаған макроэкономикалық болжамын жариялады. Банк сарапшыларының айтуынша, тап қазір жаһан экономикасы турбулентті кезеңге тап болып тұр. Сол себепті пандемиядан кейінгі орнықты экономикалық өсімнен үміттенудің реті жоқ. Энергия тасымалдаушылар, азық-түлік және тыңайтқыштардың бағасы тарихи максимумдарды жаңартып, инфляциялық проблеманы одан әрі ушықтырды.

Инфляцияның әлемдік сипат алып кетуіне байланысты көптеген елдің орталық банктері ақша-несие саясатын қатаңдатуға мәжбүр болды. Өндірістік және логистикалық тізбектер тағы да тұйыққа тірелді, экспорттық белсенділік төмендеді. Бұл өз кезегінде тұтынушылық және инвестициялық қарқынның да бәсеңдеуіне себеп болып жатыр.
Банк сарапшылары биыл базалық сценарий бойынша Ресейдің ішкі жалпы өнімі 7 пайызға, Беларусьтың ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға қысқарады деп болжам жасап отыр. Сәйкесінше, осы екі елмен тығыз сауда байланысын орнатқан өзге де қатысушы елдер экономикасының өсімі де баяулайды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім Арменияда – 1 пайызға, Қазақстанда – 2,5 пайызға, Қырғызстанда – 1,1 пайызға, Тәжікстанда 4,2 пайызға өспек.
– 2023 жылы Еуразиялық даму банкінің қатысушы-мемлекеттерінде өсім қарқыны жеделдейді деп күтіледі. Базалық болжамға сай, 2023 жылы Қазақстан экономикасы 4,8 пайызға ұлғаяды. Халықтың әл-ауқатын арттыруға және бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы, тұтынушылық және инвестициялық белсенділіктің артуы өсімге себеп болмақ. Қырғызстан мен Армения ішкі жалпы өнімінің өсімі 1,6 және 3,5 пайыз болады. Оған экспорттаушылар мен еңбек мигранттарын жаңа нарықтарға қайта бағдарлау процестері қолдау көрсетеді, – дейді Еуразиялық даму банкі басқарма төрағасының орынбасары Руслан Дәленов.
Шикізат бағасының өсуі, девальвациялық және инфляциялық қысымдардың үдеуі, ұлттық валютаның жоғары деңгейде құбылуы, жеткізу тізбектерінің бұзылуы – жыл соңына қарай тұтынушылық бағаларды өсіруге себеп болатын негізгі факторлар.
Еуразиялық даму банкінің сарапшылары 2022 жылы монетарлық жағдайдың сипаты инфляциямен күресу және экономикалық белсенділікті қолдау арасындағы басымдықтардың теңгерімін ескере отырып айқындалады деп есептейді. Базалық мөлшерлеме Ресейде 9 пайызға (11 па¬йыздан), Қазақстанда 12 пайызға (14 пайыздан) дейін түсуі мүмкін.
Еуразиялық даму банкінің бас экономисі Евгений Винокуровтың айтуынша, дамыған елдердегі инфляция көрсеткішінің 10 пайыздан асып кетуі біз үшін де басты тәуекелге айналып отыр. Көмірсутек және азық-түлікке қатысты тәуекелдердің туындауы инфляцияның одан әрі асқынуына және 2023 жылдың басындағы жаһандық рецессияға жол ашып беруі ықтимал.
– Мұндай қолайсыз жағдайда болуы мүмкін экономикалық құлдырау сценарийі соншалықты үлкен емес. Алайда одан құтылу ұзаққа созылады әрі қиын болады, – дейді Е.Винокуров.
Сарапшының Еуразиялық даму банкінің қатысушы-елдерінде инфляция үдеуі мүмкін деген болжамы қазірдің өзінде орындалып жатыр. 2022 жылдың мамыр айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы инфляция 14 пайызға жетті. Сәуірде бағаның жылдық өсімі 13,2 пайыз межесінде тұрақтап еді. Мамырда азық-түлік тауарлары – 19 пайызға, азық-түлік емес тауарлар – 11,9 пайызға, ақылы қызметтер 9,1 пайызға қымбаттаған. Әсіресе, қант (+60,5 пайыз), көкөніс (+31,5 пайыз), ұн (+29,9 пайыз), құс еті (+28,5 пайыз), жарма (+27,1 пайыз), картоп (+26,2 пайыз), макарон өнімдері (+25,9 па¬йыз), жеміс-жидек (+24,6 па¬йыз), қатты сыр (+23,8 пайыз), нан және ұн өнімдері (+21,5 пайыз) және кептірілген жемістер (+21,1 пайыз) қатты қымбаттаған.
Ұсынылған болжам аясында банк сарапшылары Ұлттық банктің ақша-несие саясаты проинфляциялық тәуекелді төмендетуге бағытталады деп санайды.
«Наурыз айында теңгенің құнсыздануы және инфляцияның күшеюі қаржылық тұрақтылық мәселесін алға шығарды. Осыған орай ақша-несие саясатын реттеуші орган инфляцияны төмендетуді басты басымдыққа айналдырады. Еуразиялық даму банкінің бағалауынша 2022 жылы қатаң монетарлық шарттар сақталады. Базалық мөлшерлеме 12-14 пайыз аралығында болмақ. Инфляциялық күтулердің төмендеуі шегінде инфляция 2023 жыл соңына қарай 9-10 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Теңге жылдың екінші жартысында тұрақталуы ықтимал. Каспий құбыр консорциумы терминалдарының біріндегі апаттың түзетілуі, сондай-ақ әлемдік мұнай нарығындағы қолайлы баға конъюнктурасында 2022 жыл-дың III-IV тоқсанында экспорттық кірістің өсуін күтеміз. Федералды резервтік жүйе мөлшерлемесін мәжбүрлі түрде көтеру жағдайында дамушы елдерден, оның ішінде Қазақстаннан да капитал ағынының кетуі күшейеді. Бұл жағдайда теңге бағамы болжамды горизонтта көбірек төмендеуі мүмкін», дейді сарапшылар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.