СЕРІКТЕСТІККЕ ЗОР СЕНІМ АРТЫЛЫП ОТЫР

0

ОСЫ ЖЫЛДЫҢ ҚАЗАНЫНДА ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙ АРАСЫНДАҒЫ РЕСМИ ӘРІПТЕСТІКТІҢ, ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРДЫҢ ОРНАҒАНЫНА 30 ЖЫЛ ТОЛАДЫ. ЕКІ ЕЛ АРАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫС УАҚЫТ ӨТКЕН САЙЫН ТЕРЕҢДЕП, БЕКИ ТҮСУДЕ. БҰЛ РЕТТЕ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТЫҢ ОРНЫ ЗОР ЕКЕНІ АЙТПАСА ДА ТҮСІНІКТІ.
Одақ аясындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен конференцияда кеңінен талқыланды. Қос тараптың белді ғалымдары жиналған іс-шараға Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов және Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук, Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов және басқалар қатысты.
Б.Сұлтановтың айтуынша, Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Отыз жыл ішінде қос мемлекет те стратегиялық әріптестік пен одақтастықты қалыптастыруда айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Мұның бәрі екі халықтың достығына, өзара сенімге, егемендік пен аумақтық тұтастықты құрметтеуге негізделген.
– Былтыр пандемия дағдарысынан кейін елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық серпіні біртіндеп қалпына келді. Соның нәтижесінде 2021 жылдың қорытындысы бойынша қос мемлекет арасындағы тауар айналымы 29 пайызға өсіп, 24,2 млрд долларды құрады. Ковидтен кейінгі кезеңге қарамастан, сауда саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткіздік. Мәселен, Қазақстанның Ресейге бағытталған экспорты былтыр 38,1 пайызға өсіп, 6,9 млрд долларға тең бол¬ды. Ал импорт көлемі 25,8 пайызға ұлғайып, 17,3 млрд долларды құрады, – деді Б.Сұлтанов.
Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрінің дерегінше, бүгінгі таңда ресейлік компаниялар Қазақстан экономикасына салынған қаражат көлемі бойынша негізгі инвесторлардың бестігіне кіреді (16,5 млрд доллар). Жалпы, Қазақстандағы ресейлік әріптестермен өзара іс-қимыл жасай отырып, 13 маңызды бірлескен жоба іске асырылыпты. Бірқатар негізгі салаларда 4 млрд долларға жуық тағы 20 ірі жоба іске асырылуда һәм пысықталуда.
– Сондай-ақ Ресей Қазақстандағы шетелдік капиталы бар кәсіпорындар саны бойынша сөзсіз көшбасшы болып саналады. Бүгінгі таңда Қазақстанда Ресейдің қатысуымен 8 мыңға жуық (7 933) кәсіпорын және 3 мыңнан астам (3 343) бірлескен қазақстандық-ресейлік кәсіпорны жұмыс істейді. Айта кету керек, бүгінде елдер арасында табысты өнеркәсіптік кооперацияның мол тәжірибесі жинақталған. Машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі және тағы да басқа салаларда шамамен 2,6 млрд долларға бірлескен 8 ірі жоба іске асырылуда. Шамамен 1,4 млрд долларға тағы 11 жоба пысықтау сатысында тұр. Осының бәріне көп жағдайда Еуразиялық экономикалық одақ ұсынатын мүмкіндіктер ықпал етті, – деді Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі.
Мәселен, техникалық реттеу саласында біздің кәсіпкерлер өнім қауіпсіздігіне қойылатын қосымша талаптарды орындаудан (техрегламенттерден басқа), сәйкестікті бағалаудың артық рәсімдерін жүргізуден босатылған. Бүгінде ЕАЭО-ның басқа төрт елінде еркін сауда жасау үшін одаққа мүше елдердің бірінен бірыңғай нысан бойынша сәйкестік сертификатын алу жеткілікті.
Сонымен қатар ЕАЭО қызметтерінің ортақ нарығы қалыптасуда. Ол 55 қызмет секторын қамтиды. 2015 жылғы 1 қаң¬тардан бастап бірыңғай қызметтер нарығы жұмыс істейтінін де атап өту керек. Бұл тізімге салық салу, құрылыс және бағдарламалық қамтамасыз етуді қолдану саласындағы қызметтер, басқару мәселелері бойынша консультацияларға байланысты қызметтер, ойын-сауық пен спортты, сондай-ақ демалыстың басқа да түрлерін ұйымдастыру жөніндегі қызметтер кіреді.
– Тағы бір артықшылық – ЕАЭО аумағы бойынша, сондай-ақ теңіз порттары арқылы үшінші елдер бағытында жүктерді темір жол көлігімен тасымалдау кезінде ішкі тарифтер ұсыну. Бұл экспортталатын өнімнің түпкілікті құнын айтарлықтай төмендетеді. Қазақстанның теңіз порттарынан және танымал сауда жолдарынан шалғайлығы біздің әлемдік нарықтарға экспортымыз үшін географиялық кедергі келтіреді, отандық экспорттаушыларға айтарлықтай ауыртпалық түсіреді. ЕАЭО шеңберінде қабылданған Кеден кодексі әкімшілік кедергілерді азайтуға, электрондық кедендік декларациялауға көшуге бағытталған. Мұның бәрі кедендік рәсімдерді жеделдетіп, кәсіпкерлердің өмірін «жеңілдетті». Өзара сауданың сенімді өсуі, шетелдік инвестициялар көлемінің ұлғаюы, бірлескен жобалардың іске асырылуы ЕАЭО шеңберінде жасалған жағдайлардың қолайлы әсерін растап отыр, – деді Б.Сұлтанов.
Б.Сұлтанов Еуразиялық экономикалық одақтың қазақстандық бизнес үшін тағы бір артықшылығын атады. Ол – еркін сауда туралы келісімдер жасасу арқылы үшінші елдердің нарықтарына преференциялық қолжетімділік. Бұл сондай-ақ біздің экспортты ұлғайтуға ықпал етеді. Мысалы, Вьетнаммен, Сербиямен, Иранмен еркін сауда аймағы қазақстандық тауарлардың экспортын тағы да 1 млрд долларға арттыруға жол ашады. Айталық, Қазақстанның тек бір ғана Вьетнаммен тауар айналымы 54 пайызға өскен. Оның дені өңделген тауарлар – металлургия, химия, мұнай өңдеу және тамақ өнеркәсібі өнімдері. Бүгінде ЕАЭО шеңберінде тағы 3 келісім (Израиль, Мысыр, Үндістан) жасасу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Сауда преференцияларының нәтижесінде аталған елдерге қазақстандық экспортты ұлғайту әлеуеті шамамен 800 млн долларға бағаланып отыр.
Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук Еуразиялық экономикалық одаққа үлкен сенім артылып отырғанын жеткізді. Айтуынша, Ресей мен Беларусь Батыс санкцияларының құрсауында қалып отыр. Бұл одаққа мүше өзге елдерге де теріс әсер етері анық. Сондықтан мұндай күрделі кезеңде одақ жұмысын одан әрі жандандырудың маңызы зор.
– Болашақта ЕАЭО-ға бұрынғы КСРО құрамында болмаған елдер де кіре алады. Өйткені одақ тұтас Еуразия құрлығында үйлесімді экономикалық қатынастарды қалыптастыру үшін жұмыс істеуде. Біздің мақсатымыз – өзгелер айтып жүргендей, Кеңес Одағын қалпына келтіру емес. Бұл ұйымға интеграциялық бірлестік ретінде қараған жөн. Оның негізгі мақсаты – Еуразия аймағындағы елдердің тәуелсіздігіне құрметпен қарау негізінде дәл осы құрлықта үйлесімді экономикалық қатынастарды қалыптастыру. Сондықтан алдағы уақытта одаққа КСРО құрамында болмаған мемлекеттер де мүше болып жатса таңғалудың қажеті жоқ. Бүгінде ЕАЭО-ға Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Армения және Беларусь елдері мүше. Молдовия, Өзбекстан және Куба «бақылаушы мемлекет» мәртебесіне ие, – деді А.Оверчук.
Конференция барысында қос тараптың ғалымдары Еуразиялық экономикалық одақ аясында сауда-экономикалық байланыстарды дамытудың түрлі жолын ұсынды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.