ЕЛ ӨРКЕНДЕУІНЕ ЖОЛ АШАТЫН МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

0

ҚОРДАЙЛЫҚТАР ҮЛКЕН БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТТЫ
Жалпы еліміз үшін аса маңызды саяси науқан Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы ауданымызда жоғары дәрежеде ұйымдастырылып, өтті. Қордай ауданы бойынша 54 сайлау учаскесі таңғы 6.00-ден дайындық жұмысын бастап, 7:00-де Әнұран орындалуымен ашылды.
20:00-ге дейін жұмыс істеген учаскелерде ешқандай заң бұзушылық тіркелген жоқ.
Алғашқылардың бірі болып аудандық Мәдениет үйінде орналасқан №239 сайлау учаскесінде Қордай ауданының әкімі Мәден Мұсаев дауыс берді. Ел болашағының жарқын болуы үшін тарихи таңдау сәтінде азаматтық танытып, таңмен сайлау учаскелеріне асыққан қордайлықтарға алғысын білдірген Мәден Тоқтарбайұлы сонымен қатар дауыс беруге келген ақсақалдарға да ризашылығын білдіріп, белсенділік танытқандары үшін рахметін жеткізді. Қордай аудандық мәслихатының хатшысы Нұрдин Садықов та осы күні азаматтық белсенділік танытып, ел тарихындағы елеулі күні өз сайлау учаскесіне барып дауыс берді.
Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында жерлестерімен бірге қоғам қайраткері, Қордай ауданының Құрметті азматы, ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты Құрманғали Уали өз таңдауын №237 сайлау учаскесіне барып жасап, елдің болашағы үшін маңызды шешімді қабылдауға атсалысты.
ҚАРИЯЛАР ТІЛЕГІ

Сайлау учаскелері тарапынан егде жасқа толған қарттардың үйді-үйіне сайлау жәшіктері жеткізіліп, дауыс берулеріне қолайлы жағдай жасалған. Ешбірі сайлаудан қалмай дауыс беріп, ата-әжелеріміз өз таңдауларын жасап, игі тілегін білдірді.
Қордай ауылындағы №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығындағы қарияларға да комиссия мүшелері арнайы барып, дауыс беруге қолайлы жағдай жасады.
Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Кожушко үйінде отырып, Президент сайлауында өз таңдауын жасады. Николай Федорович Қордай ауданы бойынша қазір жалғыз майдангер. Тұрғылықты мекенжайына комиссия мүшелері арнайы барып, ардагердің дауыс беруіне қолайлы жағдай жасады. Дауыс беріп, таңдау жасаған соғыс ардагері: «Ең бастысы тыныш заман болса, бейбітшілік пен тұрақтылығымыз арта берсін! Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын», — деді.
Сайлаушылардың қатарында ауданның Құрметті азаматтары мен ардагерлер кеңесінің мүшелері де үлкен белсенділік танытты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында орналасқан №240 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады.

«Президент сайлауынан күтеріміз көп, себебі бұл додаға қатысып жатқан кандидаттардың бағдарламалары елдің тіктеуіне, халықтың жағдайының жақсаруына бағытталған, — деп өз пікірін білдірді.
Алғашқылардың бірі болып дауыс берген Жамбыл облысының және Қордай ауданының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай да №240 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады.
«Бұл саяси науқанның елдің дамуы мен болашағында маңызы жоғары. Сондықтан да, береке-бірліктің үлгісін көрсетіп, ел болып жұмыла атқарайық, ағайын, — деген Төле Аманжолұлы Президенттікке үміткерлердің арасынан көңілімізге қонымды кандидатқа дауыс бердік, дұрыс таңдау жасағаныма сенімім мол», – деп өзінің сайлауға қатысты пікірін білдірді.
Осы күні Қордай ауданының ең қарт тұрғыны, жасы жүзге таяған Қатипа Естаева ҚР Президентінің сайлауына қатысып, өз таңдауын жасады. Жексенбі күні Үлкен Сұлутөр ауылындағы №260 сайлау учаскесінің комиссия мүшелері қарияның үйіне сайлау жәшігін ала келді. Тарихи сәттен қалыс қалмай, өз азаматтық ұстанымын білдірген әже сайлаудың жас ұрпақтың болашағы мен халқымыздың өркендеуіне жол ашатын маңызды қадам екенін айтып, ел амандығын тілеп ақ батасын берді.
Айта кетейік, аудан көлеміндегі барлық сайлау учаскелерінде Қатипа әже секілді өздігімен келе алмайтын қарт кісілер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жылжымалы жәшік арқылы таңдау жасауға мүмкіндік қарастырылды.
Отар ауылының тұрғыны Мари Алимкулова да ел ертеңі үшін сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауын жасады. Ауылдағы №263 сайлау учаскесінде дауыс берді.
– Бұл ел тарихындағы ерекше күндердің бірі, саяси науқанға өзім келіп, дауыс бергеніме қуаныштымын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ел басқарған азаматтарымыз аман болсын! – дейді әжей.
Осы бір елеулі күні өз таңдауын жасауға отбасымен келгендер қатары көп болды. Қордайлық Жұманкұловтар отбасы №3 А.Құнанбаев атындағы орта мектепте орналасқан №237 сайлау учаскесіне барып дауыс берді.
-Біз еліміз алдағы жеті жылда дамудың даңғыл жолына шығады деген үмітпен дауыс беруге келдік. Біздің дауыс балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы үшін берілді деп сенеміз. 3 жасар ұлымыз Тимур мұндай шараға бірінші рет қатысып отыр. Ал, жалпы мұндай саяси науқанға үнемі отбасымызбен келеміз. Өйткені әр дауыс маңызды, әр дауыс Отанымыздың жарқын болашағы үшін берілуде. Біз өз таңдауымызды жасадық, — дейді отағасы Қайрат Жұманқұлов. Ал, №240 сайлау учаскесінде Кенжебаевтар отбасыда өз таңдауын жасады.

АУЫЛДАР ДА ҚАЛЫС ҚАЛМАДЫ

20 қарашада Масаншы ауылдық округінде сайлаушылардың жоғары белсенділігі байқалды. Округ тұрғындары №222, 223, 224 және Күнбатыс-2 ауылындағы №225 сайлау учаскелерінде дауыс берді. Ауылдық округтің екі тұрғыны дауысты үйден берді. Олар 80 жасты алқымдаған Вансан Хехезе және Люшир Паншаров. Сайлау комиссиясының мүшелері тасымалды сайлау жәшігін, сонымен қатар белсенді азаматтық ұстаным үшін алғыс білдіру мақсатында сыйлық алып, ақсақалдардың үйіне барды. Қариялар елімізде бейбітшілік пен тыныштық болып, мемлекетеміз көркейе берсін деп тілектерін білдіріп, ақ баталарын берді.
№222 сайлау учаскесіне бірінші болып келгендердің бірі Сулейман Гуанло. «Ел үшін маңызды оқиғаға белсене қатысу әр азаматтың парызы деп білемін. Отанымыздың тағдыры мен әрі қарайғы дамуы біздің таңдауымызға байланысты», — дейді Сулейман Люширович.
«Бүгін мен толқып тұрмын, себебі менің дауысым ел тағдырында үлкен рөл атқаруы мүмкін. Менің дауыс беру құқығымның маңыздылығын сезіну және қоғам үшін пайдалы болу қуантарлық жағдай», — дейді өз сайлау құқығын алғашқы рет пайдаланған жас азамат Айдар Малиев.
Алғашқы рет дауыс бергендер, жастары кіші мен үлкендер үшін сайлау комиссиясы тарапынан сыйлықтар дайындалды.
Кенен ауылындағы мәдениет үйінде орналасқан №259 сайлау учаскесінде таңмен жұмыс қызу болды. Ауыл халқы үлкен азаматтық позиция ұстанып, азанмен келіп өз таңдауын жасады. Сайлау учаскесіне келіп, бірінші болып ауыл ақсақалы Жамбыл Сатыбалдиев дауыс беріп, комиссия мүшелеріне жұмыстарың жемісті болсын, деген тілегін жеткізді.

ЖАСТАР ТАҢДАУ ЖАСАДЫ

Сайлаушылардың қатарында жастардың көптеп келуі көңіл қуантады. Осындай жас сайлаушылардың бірі Сұлутөр ауылының тұрғыны Батырбай Әзиза болды. Туылған күнімен тұспа-тұс келген саяси науқанда белсенділік танытып, №260 сайлау учаскесіне барып өз таңдауын жасады.
— Биылғы туылған күнім есте қалары сөзсіз, осындай еліміз үшін маңызды күнде жаңа жасымды атап өтудемін. Жастарға артылған жауапкершілік жүгі көп, сондықтан да елімнің өркендеуі жолында аянбай еңбек етемін-, деп атап өтті Әзиза.
Қайнарлық Аманжол Ислам үшін де бұл ерекше күн болды. Қайнар ауылындағы №254 сайлау учаскесіне келген Аманжол сайлауға тұңғыш рет қатысып отырғандығын айтты:
«Саяси науқанға қатысуға болатынын естігенде риза болдым. Өйткені мен де Қазақстан азаматы ретінде елімнің кемел келешегі үшін өз таңдауымды жасағым келеді. Менің даусым туған өлкемнің, Отанымның дамуына үлес қосып жатса қуанышым шексіз»,-дейді ол.
Нұрберген Қонырбаев заңды сайлау беру құқығының бар болуын мақтан тұтады. Қыркүйекте 18 жасқа толған жігіт бүгін сайлаушы ретінде Конституциялық құқығын іске асыру үшін келген.
-Дауыс беру — әр сайлаушының азаматтық парызы. Ел Президентін сайлау жарқын болашаққа маңызды қадам болып табылады. Елі мен жері үшін алаңдайтын әрбір азамат сайлауға келіп, өз дауысын беру керек деп ойлаймын. Ел дамуы үшін қолға алынған шара оң нәтиже беріп, Қазақстан әлемнің дамыған 30 ел қатарына кіреді деген сенімдемін», — дейді Нұрберген.
Осындай жастардың бірі №239 сайлау уачскесіне келіп, дауыс берген Бахшалиева Эсмира.
-Бүгін мен қобалжып тұрмын, өте маңызды қадам жасадым. Бұл менің ғана емес, жалпы ел өміріндегі маңызды кезең. Келісім мен татулық салтанат құрған, аспаны ашық елде тұрғым келеді, — дейді бойжеткен.

ӘСКЕРИЛЕР ДЕ ӨЗ ҚҰҚЫҒЫН ҚОЛДАНДЫ

ҚР Презизентінің кезектен тыс сайлауы кезінде ауданымыздағы сайлау учаскелеріне ерекше жағдайларды қажет ететін азаматтарға да барлық жағдай жасалды.
Жерлестерімен бірге Гвардейский қалашығындағы №266 сайлау учаскесіне Тоғызбаев Серікхан да келіп, өз таңдауын жасады. Барлық сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау мақсатында пандустар, тактильді жолақтар, сілтеуіштер, арнайы бұрыштармен қамтамасыз етілген болатын. Одан бөлек, үйінде дауыс беретін сайлаушыларға сайлау учаскелерінің комиссия мүшелері заңдылықтар мен ереже-талаптарды сақтай отырып, өз таңдауларын жасауға мүмкіндіктер қарастырған.
Гвардейск демекші, осы күні гарнизонға қарасты 21450 әскери бөлімде ашылған № 268 сайлау учаскесінде 2 мыңнан астам мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметші кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысып өз таңдауларын жасап дауыстарын берді.
Мерзімді әскери қызметшілердің көбісі алғашқы рет Президенттік сайлауға қатысып, өздерінің таңдауын жасап, болашақта мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне, жаңа Қазақстанның құрылуына өз үлестерін қосты.
— Бүгін 20 қараша Қазақстан Республикасы-ның Президенттік сайлауына қатысып әрбір әскери қызметші өз таңдауын жасады. Мен алғашқы рет сайлауға қатыстым. Дұрыс таңдау жасадым деген үміттемін. Жаңа Қазақстанды бірге дамытып, бірге көркейтуге ат салысайық, — деді мерзімді әскери қызметтегі қатардағы жауынгер Керейхан Айбат.
Дайындаған Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.