Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков ҚР Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясындағы кезекті жиынын Ауқатты ауылдық округінде жалғастырды. Осыған орай, ауданның тыныс-тіршілігімен таныс болу үшін газеттің әрбір санын жібермей оқып отыратын оқырмандар назарына кездесуде баян етілген мәселелерді ұсынбақпыз.
Жылдағы дәстүрге сай, биыл да жылдың басында аудан әкімі 2024 жылы атқарған жұмыстарының есебін беруді бастады. Бұл күні Ауқатты, Қызылсай, Бәйтерек елді мекендерінің халқымен кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында әуелі ауыл әкімі Алмас Иенберген халықтың әл-ауқатын, тұрмыстық деңгейін жақсарту бағытындағы атқарылған жұмыстарға баяндама жасады. Оның айтуынша: «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында округте 148 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Былтырғы жыл қорытындысы бойынша «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы негізінде 4 азамат жастар тәжірибесінен өткен. Әлеуметтік сала және қайырымдылық көмектер бойынша өткен жылы атаулы әлеуметтік көмекке қайырылған 7 отбасына оның ішінде 36 адамға әлеуметтік көмек тағайындалды. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 1-6 жас аралығындағы әр балаға көмек берілді (10 отбасы 22 балаға). Білім беру саласы бойынша ыстық тамақпен 799 оқушы қамтылған, оның ішінде 230 бала осал топтағы отбасылардың балалары. Ал, денсаулық сақтау саласы бойынша 3 денсаулық сақтау мекемесі халыққа қызмет көрсетеді. Ауылдық округ бойынша 2024 жылы 249 нәресте дүниеге келген.
Ал күн тәртібі бойынша кезекті сөз аудан әкімі Бегзат Болатбековке берілді. Аудан басшысы 2024 жылы атқарылған жұмыстарды саралай келе алдағы уақытта көзделген міндеттерге тоқталып, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Өз сөзінде Бегзат Сейсенқұлұлы игілікті істерді баяндап, алдағы жоспарларды тілге тиек етті. Мәселен, ағымдағы жылы Ауқатты ауылында шағын футбол алаңшасымен, балалар ойын алаңшасы салынатын болды. Сондай-ақ, Ауқатты ауылы Астана көшесіне ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Қызылсай ауылындағы көпір ағымдағы жөндеуден өткізілмек. Бәйтерек ауылындағы жаңа мектепке кіреберіс жолға асфальт төселіп, жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Кездесу жалғасып, ұсыныс-пікірлерге келгенде ауыл ауыл тұрғындары кезекпен-кезек проблемалық мәселелерді көтеріп, аудан басшысына сұрақтарын жолдады. Олар, Қызылсай ауылын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, Бәйтерек және Қызылсай ауылдарының электр бағаналарын ауыстыру, Қызылсай ауылына су қоймасын салу, Бәйтерек елді мекенін газдандыру, Ә.Бөкейханов атындағы бастауыш сыныптар мектебіне жаңа ғимарат салу мәселелері. Өз кезегінде Бегзат Сейсенқұлұлы аудан әкімдігі тарапынан тұрғындардың ұсыныс пікірлері ескеріліп, кезең-кезеңімен жүйелі түрде іске асырылатындығын жеткізіп, аталған сауалдар бойынша түсініктеме беріп өтті. Аудан әкімінің айтуынша, Қызылсай ауылының ауыз су құбырын жаңартуға жобалық сметалық құны әзірленіп, сараптама нәтижесінде оң қорытындысы алынған. Ағымдағы жылдың келесі нақтылауында қайта республикалық бюджеттік комиссиясына ұсынылады. Су қоймасын салу мәселесіне келгенде округ әкімдігі тарапынан су қоймасын салу үшін 40 гектар жер телімі бөлініп, мемлекеттік актісі алынды. Құрылыс бөлімі тарапынан ЖСҚ әзірлеу үшін ағымдағы жылға қаржы қарастырылды. Ал, бастауыш мектеп жаңа ғимаратын салу бойынша, былтырғы жылы облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы ЖСҚ әзірлеуге тапсырыс беріліп, жұмыстар атқарылуда. Аудан, округ әкіміне атқарылып жатқан игі істеріне риза болған округ тұрғындары алдағы жұмысқа сәттілік тіледі.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ