«Мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебі» спорт залында өткен байрақты бәсекеге шын шеберлерді жинаған еді. Еліміздің әр түкпірінен келген жас спортшылар екі күн бойы кім мықтыны анықтады. 84+ кг жоғары салмақта өнер көрсеткен қордайлық Дәурен Қыдырбек осы жарыста Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алды. Айта кетерлігі ол барлық қарсыластарын айқын басымдықпен, яғни нокаутпен ұтып, өзінің мықтылығын тағы бір дәлелдеп берді. Еске сала кетсек, Дәурен қоян-қолтық ұрыстан екі дүркін Қазақстан чемпионы, «Жекпе-жек» бойынша да ел чемпионы деген атағы бар.
Аталмыш турнирде бақ сынап, 57 кг салмақта өнер көрсеткен Рамзан Кадиров және 77 кг салмақта жекпе-жек өткізген Нұрымжан Базарбек ІІІ орынға ие болып, қола жүлдегер атанды.
«Спарта» спорт клубында тәжірибелі жаттықтырушы Николай Мачневтен тәлім алатын жігіттердің алар асуы әлі алда деп білеміз. Енді олар спорттың осы түрінен әлемді ұтсақ деген арман жолында. Ендеше іске сәт.