Осыдан алпыс екі жыл бұрын, 1964 жылы аудан орталығының (ол кезде Георгиевка) солтүстік шетінен үш қабатты жаңа ғимарат салынып, Ыбырай Алтынсарин атындағы сегіз жылдық мектеп-интернат ашылады. Бұл сол тұстағы көпқабатты алғашқы ғимараттардың бірі болса керек. Жаңа мектеп-интернатқа аудан елді мекендерінен жалғыз басты аналардың, көп балалы отбасыларының және шалғай мал жайылымдарында еңбек ететін малшылардың оқушы балалары қабылданды. Бірінші жылы барлығы жеті сынып құрылып, ең төменгісі — екінші сыныпқа Кенен ауылынан Марат Оспан, Шарбақтыдан Дәулет Құсайынов пен Сапарбек Жақыпбеков, Ауқаттыдан егіз Али мен Вали Әдірасыловтар, Қасықтан Ұлтуған Насырбаева, егіз Тұраш пен Тұрар Кариевалар, Қаракемерден Сәулехан Мендебаева тәрізді бас-аяғы отыздай бала қабылданыпты. Міне, сол отыздың 24-і 1971 жылы мектептің толыққанды алғашқы түлектері болып сегізжылдықты бітіріп шығады. Содан 55 жылдан кейін — биылғы 15 мамырда сол алғашқы түлектер алтын ұяларында қайтадан бас қосты.
Сағынып қауышқандар арасында жарты ғасырдан аса бір-бірін көрмегендері бар екен. Бір кездегі құлын тайдай тебісіп өскен талдырмаш сыныптастарының бүгінде самай шашы ағарған, жүздерін әжім торлай бастаған жасамыс ата-әжелерге айналғанын көріп, уақыт шіркіннің пәрменіне іштей мойынсұнғаннан басқа шара қане?! Тіпті, өмірдегі дәм-тұзы ерте таусылғандар да бар еді. Ал өздері әлдеқашан зейнетке шығып, алды жетпіс жасты алқымдап, ақсақалдықтың ауылына ат басын тірей бастаған. Жиналғандар емен-жарқын қауышып, бір-бірінің жүзінен баяғы бал дәурен балалықтың табын іздеп, бір сәтке болса да балалық шаққа қайта оралып, сол кездегі молынан кешкен қызық, қуаныштарды еске алысып, әзілдесіп мәре-сәре болысты.
Ол кезде қандай еді десейші?! Дүрия Шолпанқұлова, Несіпбала Әбдіғалиева, Дүрдана Ноғайбаева, Антонина Сухинина, Сырғатай Тұтқабаева, Амангелді Жаманкөзов, Күлипа Ахметқұлова, Сайлаукүл Даупаева сынды ұстаздардың, Әсипа Ташметова, Ольга Бұтабаевадай тәрбиешілердің мейірбан жүздерін елестетіп, тіпті, кейде бұлар беталды тентектікке бой алдыратын сәттерде қабағының қиығымен-ақ қалыпқа түсіретін қаталдығын да сағынғандай. Интернатта бәрі бар еді: төрт мезгіл тамақ беретін асхана, жатын орын, монша, медпункт, пионерлер бөлмесі, музыка үйірмелері, теледидар, апта сайын көшпелі кино да келіп тұратын. Ол аз болса, сынып-сыныбымен ауылдағы «Знамя», «Октябрьдің 40 жылдығы» кинотеатрларына, Фрунзенің опера-балет, драма театрларына апарып, табиғат аясына да саяхаттар ұйымдастырылатын.
Байырғы мектептері қазір өздерінің немере-шөберелері жасындағы жаңа буындар дәріс алып жатқан Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы орта мектепке айналған. Мектеп директоры Мұрат Тамабаевтың оқу ісі жөніндегі орынбасары Әсем Есқұлова, тәрбие жөніндегі орынбасары Ұлбосын Қапарова мен қазақ тілі пәнінің оқытушысы Гүлмира Әбдірахимова бұларды ыстық ықыласпен қарсы алып, білім ордасының бүгінгі жай-күйімен жан-жақты таныстырды. Елу бес жылдық түлектер мектепке үлкен картина тарту ертіп, қимай қоштасты. Бұдан соң кафеде қайта бас қосып, бақилық болған ұстаздары мен сыныптас құрбыларының рухына құран бағыштады.
Жарты ғасырды артқа тастап бас қосып отырған бұлар бүгінгі өмір белесіне өзіндік табыстарымен келіп отыр. Сегізжылдықты бітірген соң әрқайсысы әр қиырда білімін жалғастырып, еңбекке араласып өмірдегі өз жолдарын тапты. Бірі ұжым басқарып, бірі ұстаз, бірі дәрігер, бірі қарапайым жұмысшы болып елімізді өркендетуге үлесін қосқандар. Енді бүгін бәрі де тамырын тереңге жайған дарақтай үйлі-баранды, немерелерін өбектеп, алды шөбере сүйе бастағандар. Өмір – жақын адамдардың сағынышы мен кездесулерімен мәнді. Бұйырса тағы да кездеспек үшін қимай қоштасты, олар.
Құрманбек ӘЛІМЖАН, ардагер журналист