ЕМ АЛУДЫҢ ЕРЕКШЕ ТҮРІ

0

1990 жылы Мәскеудің теледидар экранында Халықаралық журналист Владимар Познер Америка Құрама Штаты мен Кеңес Одағы арасындағы «Телемост» өткізіп жатыр екен. Мен қызыға қарап отырмын, медицина тақырыбында қойылған. Сонда таңғаларлық жағдайды көрсетті. Нақтырақ айтқанда, қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың сол дерттен қалай айыққандарын айтып жатты.

Атақты дәрігер-онколог Карл Саймонтон және психолог С.Саймонтон –Калифорния штаты онкология емдеу орталығының қызметкерлері. Олар онкологияда психотерапияның жаңа саласы визуализация әдісі, яғни  сіз ұмтылған нәрсеге қол жеткізген сәттің бейнелі көрінісін елестету арқылы науқастардың дертпен қалай күрескенін, қалай айығып кеткендерін көрсетті. Ал Науқастар қатерлі ісіктен құлан-таза жазылып кеткендерін айтып жатты. Мен медицинада қанша жыл істесем де сенбедім. «Бұл қиял, фантастика емес пе?!», деп иланбадым.

Фрунзе қаласындағы орталық кітапханасынан, Қырғызстанның мемлекеттік медицина институтының кітапханасынан Саймонтанның кітабын іздедім, жоқ болып шықты. Сырт мемлекеттердің психология және психотерапия туралы жазылған кітаптарын іздей бастадым. Кеңес өкіметі таралғаннан кейін З.Фрейдтің психосоматика туралы жазылған кітаптарын кітап дүкендерінде кездестірдім, дүкенде К.Саймолтонның мен іздеген кітабы «Исцели себя сам» сериясында 1995 жылы Санк-Петербургта шығыпты. К.Саймолтон, С.Саймолтон «Возвращение к здоровью. Новый взгляд на тяжелые болезни» деп аталатын кітабын сатып алдым. Қуанышым қойныма сыймады. Оқып шықтым, бұл  кітапта онкодерттердің құпия психоиммунологиясын ашып, жаңа жолдарын көрсеткен. Айықпайтын ауыр дерттерге жаңа көзқарас: жан мен тәннің қарым-қатынасы әрбір дерттің психологиялық негіздері. Барлық дерт – жүйкеден. Науқастарды визуализация арқылы емдеу – көрнеу бір нәрсені нысандау – визир арқылы. Денсаулығың үшін  өзіңе көмектесу, келешектің жарқын ұнамды бейнелері. Ішкі тұлға – тәлімгер: ақыл беру, жол сілтеу, ұстазбен кездесу. Бұл медицинада ішкі тұлға екіге жарылды деп айтады, яғни бір дененің ішінде екі түрлі (двойственность личности) кезектесіп не қатар өмір сүреді: жан азабы, тән азабы. Мұның барлығы сол кітаптан түйген ойлар.

1998 жылдан бастап мен Сортөбенің ауылдық ауруханасында учаскелік терапевт болып істеп жүрдім. Қордай ауданынның колхоз аймағында барлық стационарлар жабылып, Сортөбеде ғана қалды. Стационарда тәжірибелі медбике Хадиша Вонсинбо ауылдық аурухана ашылғаннан бастап жұмыс істеген болатын.  Сортөбенің тумасы, аққұба, орта бойлы келіншек  жергілікті халықтың бәрін біледі, олармен қарым-қатынасы өте жақсы. Барлық емдеу шараларын тыңғылықты атқаратын. 2000 жылдың көктемінен бастап көңілі түсіп, бозарып, арықтап кетті.

        Хадиша, науқастанып жүрген сияқтысың? Қай жерің мазалап жүр?, — дедім.

—        Аға! Тамаққа тәбетім тартпайды. Көкірек қуысы астынан ауырғанды сезіп жүрмін. Лоқсып құсамын,-деп жауап берді.

Хадишаға Тоқмақ қаласының орталық ауруханасына тәжірибелі гастроэнтерологқа қаралуына кеңес бердім. Біраз дайындықтан кейін Хадиша гастроскопиядан өтті, дерттен материал алып, биопсия, онкоинститутының зертханасына жіберілді. Гастроскопияның қорытындысы – асқазандағы қатерлі ісік. Ал онкоинституттың гистология бөлімшесінің дәрігері төмендегідей қорытынды шығарды: плоскоклеточный рак кардия желудка. Науқастың өзі  ракқа ем қонбайды, ол – өлім құрығынан құтылмайтын дерт, деген көзқараста болды. Осындай ұғым ел арасында да тараған. Ауру жанына батқан адамға, оның ішінде емі жоқ деп жүрген жанға дүниенің бәрі түнек патшалығы болып кетеді. Хадиша ауыр күйзелісте жүрді. Консультацияға онкологтарға жібердік. Фрунзенің онкоинститутының онкологы тезірек операция жасау керектігін айтты. Операциядан кейін химиятерапия, не болмаса рентген сәулесімен емделеді. Аудандық онкологтар облыстық онкодиспансерге жібермек болды.

Хадиша атақты хирург, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген дәрігері, медицина ғылымының докторы, госпитальдық хирургия кафедрасының профессоры Бебезов Халим Сулаймановичтің қабылдауында болды.

-Қазір операция жасау керек, дерт асқынып кетуі мүмкін, басқа ағзадағы мүшелерге тарап кетуі мүмкін – деді атақты хирург.

Хадиша ислам дінін ұстанатын, намазын оқып, ораза ұстаған, қасиетті Құран кітабын оқып түсінген жан. «Құран» сөзі тау суындай сарқырап ағып, жан мен тән, ар мен жүректі кірден арылтып, адамзатқа бақыт әкеледі. Сиқырлық іс-әрекет араласпаған, яғни жаманшылық пен майдандық үшін емес, қайта одан қорғану мақсатымен және бір ауруға қарсы Аллаһтан шипа тілеп, өзгеге таза жүрек пен түзу ниет арқылы дұға, аятты оқу дінде рұқсат етілген. Ешкімге зияндық не болмаса жолдан тайдыру, я Аллаһтан басқаға сыйыну мағынасы жоқ. Құран аяттарын оқып, дем салуға рұқсат етілгені шындық. Осы арқылы қаншама науқастың шипа тапқаны белгілі. Бұлай оқу Ислам дінінде айтылып қана қоймаған, сонымен қатар әмір етілген. Хадишаға осыларды айтып түсіндірдім. Ол мені психотерапевт екенімді біледі. Дінге сенген адам гипнозды сиқырлық деп есептейді. Гипнозды қолданбай-ақ, оданда басқа психотерапияның әдістері көп. Роберт Ассаджиоллидің психосинтез әдісін, Карл Саймолтанның «визуализациясын» қолдану арқылы Хадишаның ауыр дерттен сауығып кетуіне көмектесемін деп шештім. Иландыру арқылы науқасты дайындадым. Науқасқа жалғыз аяқ жолмен Әулиешоқыға шығып бара жатырсың, биікте төңірекке көз жүгірттің, оңтүстікте Шу өзенін көріп тұрсың. Төменде сен келген жолмен адамның көлеңкесін байқадың. Таудан көкжиек ашылды. Оған күн нұры түсіп тұрғандай. Сенің келген жолыңмен келе жатыр, Әулиешоқыға жетті. Алдымда ұзын бойлы, ақ сәжделі ақсақал, үстінде ақ шапан. Сабырлы, байсалды адамды көріп тұрсың. «Ассалаумағалейкум» деп иіліп сәлем бердің – Уәлих сәлемін алды. Әулиеге өзіңнің мәселеңді ашып айт. Барлық айтқан ақылын есіңе сақта. Оның берген ақылын жан тәніңмен тыңдағын. Енді менің дауысымды естімейсің. Сұхбат біткеннен оң қолдың алақанын жаясың. Иландыру 15 минуттан кейін аяқталды. Ол қолдың алақанын ашты. Иландырудан шығардым. Қуанған бетіне қан жүгіріп, күлімсіреді.

Хадишаның дерттен айығып кетуіне сеп болғандардың бірі – Сортөбе ауылдық ауруханасының бас дәрігері Апаева Танзиля Мудалифқызы. Ол кез-келген науқастың сенімін орнықтыруға күш салып, жабырқаған жанына дем беріп, жылы сөзбен қарсы алатын. Орта ғасырдың атақты ғалымы, дәрігері, астрономы, медицинаның іргесін қалаушы Әбу Әли Ибн Сина – Авиценнаның:  «Дәрігердде қыранның көзі, қыздың саусағы, жыланның даналығы, арыстанның жүрегі болуы керек», деп айтқаны бар. Осы қасиеттердің бәрі дәрігер Апаеваның бойында кездеседі. Мен онымен 20 жылдай бірге істедім. Қатерлі ісікпен, туберкулезбен науқастанған жандарға жанын беріп, қолдау көрсетті. Олардың бірі  – Хадиша еді.

P.S. Хадиша қазір зейнеткер. Сортөбеде жанұясы, немерелерімен тұрады. Бұл оқиғадан бері 22 жыл өтті.

Есімқұл Халықбаев, зейнеткер Күнбатыс-1 ауылы

Leave A Reply

Your email address will not be published.