Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жапонияда өткен ХХ Жазғы Азия ойындары мен V Азия параойындарында ел намысын қорғаған жамбылдық спортшылармен кездесті.
ХХ Жазғы Азия ойындарында Жамбыл облысынан спорттың 12 түрі бойынша 35 спортшы сынға түсіп, 6 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды.
Атап айтқанда, дзюдошы Елдос Сметов, ушу-саньда шебері Абдурашид Абдуллаев, сондай-ақ су добынан ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен Сұлтан Шонжігітов, Эдуард Цой, Адай Ақжан мен Нұрасыл Сәтберген күміс жүлдеге ие болды. Кураштан Арайлым Шегенова жарысты қола медальмен қорытындылады.
Ал V Азия параойындарында облыс атынан спорттың 3 түрі бойынша 9 параспортшы қатысып, 2 күміс және 2 қола медаль еншіледі. Пара жүзуден Паралимпиада чемпионы Зульфия Габидуллина екі күміс медаль жеңіп алды. Пара пауэрлифтингтен Айжан Берімқұлова мен ерлер құрамасының сапында командалық есепте өнер көрсеткен Ерболат Кәрібай қола жүлдегер атанды.
Кездесуде өңір басшысы халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларды құттықтап, олардың жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ бапкерлер мен спортшылардың жақындарына алғыс білдірді.