ЕРКІН ФОРМАТТАҒЫ КЕЗДЕСУ

0

Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сай жүргізіліп жатқан ауыл халқымен кездесулер Отар аймағында өз жалғасын тапты. Отар және Кенен ауылдық окрутерінде аудан әкімінің орынбасары Е.Нұралиев басқарған бір топ лауазымды тұлғалар аймақтағы ауыл халқымен кездесіп, тұрғындар тарапынан көтерілген маңызды мәселелермен танысып қайтты.
Отар ауылының мәдениет үйінде өткен кездесу еркін форматта болды. Аудан әкімінің орынбасары және аудан әкімдігінің бөлімдері мен мекемелерінің басшылары арнайы ұйымдастырылған орындарға жайғасып, келген адамдармен бетпе-бет жүздесті. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің басым бөлігі ауыз суға қатысты болды. Жергілікті халық билік басындағы азаматтардан осыны шешіп беруді сұрады. Сонымен қатар, көшелерге жол белгілерін орнату, орталық көшеге қоршау жасап беру сынды өтініш-тілектер де айтылды. Өйткені, малдың көшеге шығып кетуі адамдардың қауіпсіздігіне үлкен қатер туғызып отыр. Ауыл тұрғындарын әрине азық-түлік бағасы мәселесі де алаңдатады. Халықтың көкейінде жүрген мәселелеріне қанық болған әкімдік өкілдері әр азаматтың сауалына тиісті жауап беріп, бағыт-бағдар және ақыл-кеңестерін аямады, сонымен қатар кейбір сұрақтарды назарға алып, жуық арада жауабын беруге уәде етті

Leave A Reply

Your email address will not be published.