ЕСКІ КӨПІР МӘСЕЛЕСІ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

0

Көпір салу сауапты іс, халыққа берері мол игілікті жұмыс. Ауданымызда Кеңес заманынан бері қаншама көпір салынып, оның игілігін халық бүгінгі күнге дейін көруде.

Дегенмен, уақыт өте көпірдің де тозығы жетіп, жарамсыз болады. Қордай ауылынан Шу өзенінен бет алатын қос канал өтетіні белгілі. Екі каналда да көліктерге және жаяу жүргіншілерге арналып салынған көпірлер көп. Мәселен, Жібек жолы көшесінің басталатын жерінде, шекара бекетінің маңында жаяу жүргіншілерге арналған шағын көпір бар. Бүгінде көпір жарамсыз күй кешуде. Сол маңда тұратын тұрғындар редакциямызға шағымын айтып, мән-жайды білуді сұрады. Осы орайда Қордай ауылдық округінің әкімі Әділет Қаспақбаевтан аталған көпір туралы сұрап көрдік.

— Бұл көпір қазіргі уақытта әкімдіктің балансында емес. Біріншіден нысанды кімнің қарамағында екенін анықтап, балансқа алуымыз қажет. Кейіннен мүмкіндік болса, бюджеттен қаражат қарастыруға тырысамыз. Сондай-ақ, демеушілер арқылы жөндесе де болады. Шағымды естідік, ендігәрі проблеманың шешу жолын қарастырамыз. Әрине, бұл көпірден өту қазір өте қауіпті. Сол үшін тұрғындардан әзірге бұл жерден өтпеуді сұраймыз, — деді ауыл әкімі.

Кім біледі, мүмкін игілікті істі атқарып, сауабын аламын деген жомарт жандар да табылып қалар….

Leave A Reply

Your email address will not be published.