Этносаралық саланың өзекті мәселелері талқыланды

0

Сенбі күні Сортөбе ауылдық мәдениет үйінде ұлтаралық келісімді нығайту тақырыбында кездесу өтті. Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова, республикалық дүнген этномәдени бірлестігінің төрағасы Зайнуддин Махусеев, аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай қатысты.

Жиынды бастаған Дамира Сүгірбай кездесудің мәні мен мағынасына тоқталып, осыдан кейін Ғалым Шойкин сөз кезегін алып этносаралық саланың өзекті мәселелері, оның ішінде этникалық және тілдік белгілеріне қарамастан азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, қоғамдағы толерантты қатынастарды дамыту, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру және халық бірлігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.  Сонымен қатар, ол этносаралық тұрақтылыққа әсер етуі мүмкін жағымсыз үрдістерді алдын алу, этникалық белгісі бойынша ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлаудың кез келген бейнелеріне жол бермеу, этномәдени бірлестіктердің БАҚ-пен және үкіметтік емес ұйымдармен белсенді өзара іс-қимылының қажеттілігі, ақпараттық ашықтық, сондай-ақ тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттіін атап өтті.

Кездесуде сондай-ақ, Президентіміздің соңғы сұхбаты жайлы, Қазақстанның жарқын болашағы үшін атқарылуы тиіс жұмыстар жайында кеңінен әңгіме өрбіді. Өз сөзінде Ғалым Шойкин әлеуметтік желілерде қандай бір ұлтты қорлап, балағаттайтын азаматтарға қатысты жаза күшейтілетінін, жастарды мұндай әрекеттерге жоламауға шақыру керектігін айтты.

Ал, Зайнуддин Махусеев республикалық дүнген этномәдени бірлестігінің жұмысы мен алдағы жоспарларын баяндап берді. Ауыл ақсақалдары да белсенділік танытып, этносаралық саладағы өз ойларын ортаға салды. Мәселен, Қаракемер ауылдық округінің ақсақалы Ерғазы Досшаев жас ұрпаққа жақсы тәрбие мен қоғамдағы тәртіп жайын түсіндіру қажеттігін атап өтті.

Жиыннан кейін Ғалым Шойкин №16 орта мектепке де барып, сол жерде ұйымдастырылған тарихи кабинетті көріп қайтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.