Қордай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы кәсіпкерлердің онлайн бақылау-касса машиналарын (онлайн-БКМ) қолдануын, фискалдық чектерді беруін және салық заңнамасының талаптарын сақтауын қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.
Ерекше назар POS-терминалдар, Kaspi Pay және басқа да QR-төлемдер арқылы төлем қабылдап, онлайн-БКМ қолданбайтын салық төлеушілерге аударылуда. Әрбір кәсіпкермен жеке түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, онлайн-БКМ тіркеу бойынша консультациялық көмек көрсетіліп, қолданыстағы заңнама талаптары мен оларды сақтамаған жағдайда көзделген жауапкершілік түсіндірілуде.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде. 2026 жылғы 29 шілдедегі жағдай бойынша POS-терминалдар, Kaspi Pay және басқа да қолма-қол ақшасыз төлем түрлері арқылы есеп айырысқан 547 салық төлеушінің 397-і онлайн-БКМ тіркеді. Сонымен қатар бірқатар салық төлеушілер кәсіпкерлік қызметін тоқтатты немесе уақытша тоқтатты, тарату сатысында тұр немесе басқа мемлекеттік кірістер органдарына тіркелді.
Нәтижесінде онлайн-БКМ тіркемеген кәсіпкерлердің саны 78-ге дейін қысқарып, бұл жалпы санның 14,2 пайызын құрады.
Сонымен бірге жүргізілген талдау кейбір ауылдық округтерде аталған бағыттағы жұмыстардың тиісті деңгейде ұйымдастырылмай отырғанын көрсетті. Өңделмеген салық төлеушілердің басым бөлігі Сортөбе ауылдық округінде – 19, Отар ауылдық округінде – 8, Масаншы ауылдық округінде – 7. Бұл ауылдық округтерде түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, кәсіпкерлермен өзара іс-қимылды жандандыру қажеттігін көрсетеді.
Онлайн-БКМ қолдану талаптарын орындамаған кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қабылдануда. Бүгінгі таңда 16 салық төлеушіге қатысты бақылау-касса машиналарын қолданбағаны үшін әкімшілік материалдар рәсімделді.
Қордай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы ауылдық округ әкімдерін және кәсіпкерлерді салық заңнамасының талаптарын сақтау бағытындағы бірлескен жұмысты жандандыруға шақырады. Онлайн-БКМ қолдану және фискалдық чек беру – заң талаптарын орындау ғана емес, сонымен қатар тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, адал бәсекелестікті дамытуға және ашық кәсіпкерлік ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.
Мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және кәсіпкерлердің бірлескен жұмысы ғана Қордай ауданында адал кәсіпкерлікті дамытуға, салық тәртібін нығайтуға және баршаға тең әрі ашық бизнес ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Г.Мустафина, Қордай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы