Қала мен ауылды бірдей гүлдендіріп, әлеуметтің әлеуетін арттыру Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауында кеңінен қамтылатын тақырып. Ауданымызда Президент тапсырмасына сай көптеген қордаланған әлеуметтік мәселелер шешімін тауып келеді. Соның бірегейі — елді мекендерді газдандыру жұмыстары.
Сенбі күні Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Р.Дәулет және облыстық «ҚазТрансГазАймақ» АҚ директоры Қ.Ордабаев ауданға іссапармен келіп, аудан әкімінің орынбасары Е.Нұралиевпен бірге 4 ауылға жүргізіліп жатқан газ құбырларының құрылыс жұмыстарымен танысты.
Ең алдымен Қарасай және Еңбек ауылдарына тартылып жатқан газ құбырының жұмысын көрді. Айта кетейік, аталмыш ауылдарға газ құбырларын жүргізу жұмысын мердігер мекеме «Алия-Сервис» ЖШС қолға алған. Газ тарту жұмыстары екі кезең бойынша жүргізілуде. Біріншісі, негізгі құбырдан ауылдарға жеткізу болса, екіншісі, көшелерге және жекелей үйлерге газ құбырын тарту. Жұмыстың бүгінгі барысын бақылаған облыс әкімінің орынбасары мердігер мекеме өкілдері мен аудан әкімдігінің жауапты бөлім басшыларына жұмыстың сапалы жүргізілуі бойынша ескерту жасап, анықталған кемшіліктерді түзеуге қатысты тапсырмалар берді.
Осыдан кейін Р.Рысбайұлы мен Қ.Ордабаев Ноғайбай, Сарыбастау және Шарбақты ауылдарына да арнайы барып, газдандыру жұмыстарымен танысып қайтты. Осы тұста жауапты істі қолға алған мердігер компания «Gas Energy Construction» ЖШС мамандарымен тілдесіп, бірқатар ұсыныстарын айтып, жұмыстың аяқталу мерзімі жіті қадағаланатынын алға тартты.