ІШКІ ТУРИЗМ – ЕЛДІ ТАНУДЫҢ ЖАҢА ЖОЛЫ

0

Ел ішінде саяхаттауға қызығатын қазақстандықтардың қатары көбейіп, ішкі туризм жаңа қарқын ала бастады. Қазақстан табиғи ландшафттардың алуан түрлігімен ерекшеленеді. Алтайдың биік таулары, Жетісудың көркем көл-орманы, Маңғыстаудың тылсым шатқалдары мен Түркістан өңірінің тарихи ескерткіштері-ел ішіндегі туризмді дамытуға мол мүмкіндік беретін бірегей нысандар. Соңғы жылдары бұл салаға мемлекет тарапынан да ерекше көңіл бөлініп келеді. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде ішкі туризм тұрақты өсім көрсетіп отыр.

Мәселен, 2024 жылы Қазақстандағы ішкі туристер саны 9 миллионнан асып, өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай артқан. Бұл көрсеткіш халықтың ел ішінде саяхаттауға деген қызығушылығы күшейгенін аңғартады. Ішкі туризмнің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі-Алматы облысы Көлсай мен Қайынды көлдері, Шарын шатқалы және Іле-Алатау ұлттық паркі бүгінде туристер көп баратын бағыттардың қатарына енген. Жаз мезгілінде бұл аймақтарға келетін демалушылар саны бірнеше есе көбейіп, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына да серпін беріп отыр.

Сонымен қатар, Жетісу өңірлеріндегі кейбір ауыл тұрғындары туризмді табыс көзіне айналдыра бастаған. Бұрын негізінен мал шаруашылығымен айналысқан ауылдарда бүгінде шағын қонақ үйлер ашылып, гид қызметі мен ұлттық тағам ұсынатын демалыс орындары пайда болуда. Бұл өз кезегінде ауыл экономикасына жаңа мүмкіндіктер әкеліп отыр. Сарапшылардың пікірінше, ішкі туризм тек демалыс мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсер етеді. Туристер ағыны артқан сайын жол, қызмет көрсету саласы мен шағын кәсіпкелік қатар дамып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Десек те бұл салада шешімін күткен мәселелер аз емес. Кейбір туристік аймақтарда жол сапасы, санитарлық инфақұрылым мен қызмет көрсету деңгейі әлі де жетілдіруді қажет етеді. Сонда ғана Қазақстан ішкі туризмнің әлеуетін толық пайдалана алады. Бүгінде ел ішінде саяхаттау тек демалыс емес, туған жерді танудың бір жолына айналып отыр. Табиғаты мен тарихы бай Қазақстанда әр өңірдің өзіндік ерекшелігі бар. Сондықтан ішкі туризмнің дамуы-ұлттық мәдениетті насихаттаудың әрі өңірлердің өркендеуінің маңызды тетігі.

Аяулым ТАЗАБЕК, Абылай Хан атындағы университеттің журналистика факультетінің I-курс студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.