29 сәуір күні Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті мен Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының ұйымдастыруымен «ШЕРХАН ӘЛЕМІ – SHERKHAN WORLD» атты облыстық шығармашылық фестивалі өтті.
Шерхантану ғылыми-зерттеу орталығының бастамасымен алғаш рет жалауы желбіреген бұл ауқымды шараның мақсаты – халық жазушысы Шерхан Мұртазаның мол мұрасын насихаттау, өскелең ұрпақтың жазушы болмысына деген құрметін арттырып, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Биылғы фестивальдің ерекшелігі – классикалық әдебиетті заманауи технологиямен, соның ішінде Жасанды интеллект (ЖИ) мүмкіндіктерімен ұштастыруында болды. Байқау төрт негізгі бағыт бойынша өрбіді:
«Sherkhan — AI» – үздік ЖИ контенті;
«Essay competition» – эссе байқауы;
«Best article» – үздік танымдық мақала;
«Drama time» – үздік сахналық қойылым.
Аталған дүбірлі додада ауданымыздың намысын №7 Бетқайнар колледжінің студенттері абыроймен қорғап, төрт бағыт бойынша да белсенділік танытты. Жазушының рухын ұлықтаған сайыста білім ордасының шәкірттері жүлделі орындардан көрінді.
Ускенов Алишер («Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының 1-курс студенті) – жасанды интеллект мүмкіндіктерін шебер меңгергені үшін «Sherkhan — AI» бағытында ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Арыстанбек Алихан (1-курс студенті) – жазушы шығармашылығын терең талдаған «Best article» бағыты бойынша ІІІ дәрежелі дипломды иеленді.
Рамазанов Манарбек (2-курс студенті) – «Drama time» бағытында өзінің әртістік қабілеті мен сахналық мәдениетін көрсетіп, арнайы Алғыс хатқа ие болды.
Студенттердің шығармашылық ізденісіне бағыт-бағдар беріп, жеңіске жетелеген жетекші Айнұр Абдулмақсұт та ұйымдастырушылар тарапынан жоғары бағаланып, Алғыс хатпен марапатталды.
«Бұл фестиваль біз үшін тек жарыс емес, Шерхан ағамыздың әлеміне тереңірек үңілуге, заманауи технологияны пайдалана отырып рухани құндылықтарымызды жаңғыртуға үлкен мүмкіндік болды», — дейді жеңімпаздар.
Руханият пен технология тоғысқан бұл фестиваль жастардың шығармашылық әлеуетін арттырып, Шерхан Мұртазаның өлмес мұрасын жаңа қырынан тануға жол ашты. Аудан мақтаныштарына айналған студенттеріміз бен олардың ұстаздарын жетістіктерімен құттықтаймыз!