Естеріңізге сала кетсек, елімізде 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін кірген шетелдік автокөліктерді заңдастыру рәсімі басталған болатын. Айта кетерлігі, бұл рәсімді Қордай ауданында да жүргізуге болады. Аудандағы екі көліктің бірі көршілес елде есепте тұрғанын ескерсек, бұл қордайлықтар үшін қуанышты жаңалық болды.
Халыққа қызмет көрсеу орталығының мәліметі бойынша 3 ақпан күні Қордай ауылының тұрғыны заңдастыру рәсімінен өтті. Енді оның темір тұлпарының мемлекеттік номерлік белгісі біздің өңірдің цифрлық кодымен белгіленген.
-Ереже бойынша баж төлеу қажет, оның мөлшері әрқалай есептеледі және автокөліктің санатына байланысты. Одан басқа, көлік құралы өзге елдегі тіркеуден шешіліп, кедендік тазалаудан өтуі тиіс. Барлық қажетті рәсімдер аяқталып, тіркеу бекітілгеннен кейін автокөлік иесіне ҚР тіркеу құжаты, мемлекеттік номерлік белгі беріледі, — дейді Қордай аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Мақсат Сарманов.
Автокөлікті заңдастыру үшін бірқатар құжат, оның ішінде нысан бойынша жазылған арыз, арыз берушінің жеке басын куәландыратын құжат, көлік құралының паспорты немесе тіркеу туралы куәлік және көлікке меншік құқығын растайтын құжат қажет.
Естеріңізге сала кетсек, қазақстандықтар көліктерін 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін заңдастыра алады.