КАНАЛДЫ ЖАҢҒЫРТУ ЖАЛҒАСУДА

0

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов Қордай ауданына жұмыс сапары барысында Сарыбұлақ ауылдық округіндегі «Благовещенский» суару каналын қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Сонымен қатар ауданға Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров пен су шаруашылығы саласының өкілдері келді.

Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков министрге құрылыс жұмыстарының нәтижелерін таныстырды.

Қайнар ауылының маңынан өтетін каналдың 18 шақырымы қазіргі таңда қайта жаңғыртудан өткізілуде. Жоба өңірдегі суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету тиімділігін арттыруға бағытталған.

Аталған жобаның тапсырыс берушісі – Қордай ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі. Ал құрылыс жұмыстарын «Qaz Line Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда.

Нысан басында мердігер мекеменің өкілдері құрылыс жұмыстарының қазіргі жай-күйі туралы баяндап, каналды жаңғырту жұмыстарын биылғы жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ жобаны қаржыландыруға, құрылыс сапасы мен мерзіміне қатысты ешқандай мәселе жоқ екенін атап өтті.

Одан кейін Нұржан Молдиярұлы Қайнар ауылындағы 3800 гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етуге арналған су құбыры жүйесінің жұмысымен танысты.

Бұл құрылыс жұмыстарын 2023 жылы «ТаразСтрой-2004» ЖШС бастаған болатын. Бүгінде полиэтилен құбырлары орнатылып, су сорғы станциясынан негізгі арнаға дейін су жеткізу жұмыстары толық аяқталған. Сонымен қатар аванкамера, электр желілері мен қосалқы станциялар да іске қосылған.

Қуатты насос суды 8 шақырым қашықтыққа дейін жеткізуге қауқарлы. Аталған жоба Қайнар ауылының диқандарына жаңа мүмкіндіктер ашып, егін шаруашылығының тиімділігін арттыруға елеулі үлес қосуда.

Жұмыс барысымен танысқан министр мен аудан әкімі атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше назар аударып, жобаның белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуының маңыздылығын атап өтті.

Сапар барысында Нұржан Нұржігітов аталмыш орында оқу-тәжірибеден өтіп жатқан Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің бір топ студенттерімен кездесіп, аталмыш мамандықтың қазіргі таңда да, болашақта да үлкен сұранысқа ие болатынын айтып, білімгерлерге табыс тілеп, оларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді.

Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.