Ауыл әкімдерінің халық алдындағы есеп беру кездесулері жалғасын тауып, кезекті жиын Қаракемер ауылдық округіне қарасты Керу ауылында өтті. Онда округ әкімі Жұлдызбек Бақаевтың бір жылда атқарылған есебі тыңдалып, жиынға аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Асылбеков қатысты.
Аудан орталығынан шалғай демесеңіз бүгінде Керуде тындырылған тірлік аз емес. Өткен жылы ауылдың барлық көшелеріне түгелдей асфальт түсіп, интернет және телефон байланысы түбегейлі шешімін тапты. Осылайша тұрғындардың қуанышы еселене түсті. Алақандай ауыл болғанымен тұрғындардың ауызбіршілігі зор. Әрқайсысы өз алдына кәсіптерін дөңгелетіп келеді. Мұнда халықтың басым бөлігі ауыл шаруашылығын мықтап қолға алған. Кездесуде осы мәселені тілге тиек еткен округ әкімі Жұлдызбек Бақаев тұрғындар алдында өткен жылы атқарылған жұмыстары жайындағы есебін берді. Жалпы, бір жыл бойы атқарған тындырымды тірліктер, жеткен жетістіктер мен толағай табыстар ауыл тұрғындарының көңілінен шыққан. Осы тұста округ әкімі алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстарға тоқталып өтсе, керуліктер әкімге өздерін толғандырған сұрақтар қойды. Атап айтсақ, ауыл жастары үшін алаңдаған ақсақалдар Керуге «стрит воркаут» алаңының салынуын сұрады. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануды көздейтін тұрғындарға округ әкімі бұл мәселе жақын арада шешімін табатынын айтты. Нысан ауылдан шыққан кәсіпкердің көмегімен алдағы уақытта мектеп маңынан салынатын болып шешілді. Сондай-ақ, жиында Қаракемерге қатынайтын жолдың мәселесі де көтеріліп, ол бойынша Жұлдызбек Бақаев жолдың ағымды жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқанын атап өтті. Округ әкімі Жұлдызбек Бақаевтың бір жыл бойы атқарған жұмысына ауыл тұрғындары оң бағасын беріп, алдағы жұмыстарына жетістік тіледі.