КЕШЕНДІ ЖОСПАР – спортты түлету жолы

0

Өткен аптада Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков спорт саласы өкілдерімен кездесті. Аудан абыройын арқалап, түрлі байрақты бәскелерде топ жарып жүрген спорттың бүгіні, болашағы, проблемалары мен көкейтесті мәселелері турасында ой қозғалған келелі кездесу жемісті болды деуге негіз бар.
-Қазіргі таңда спорт пен дене шынықтыруды бөліп-жарып қарауға болмайды. Біз екеуін де дамытуға күш салуымыз қажет. Ауданымызда оның бүгінгі бет алысы жаман емес. Қаншама спорт кешендері мен мектептер бой көтеруде. Осы орайда спортты дамыту үшін әр спорт түрінен федерация құрылса нұр үсітіне нұр болар еді. Сондай-ақ, бүгінгі таңда қазақ күресінен өзіндік дәстүрі қалыптасқан Сарыбұлақ ауылына да бірқатар көмек қажет болып отыр. Мәселен, сонда ашылған спорт кешеніне қосымша жаттықтырушылар қажет, ал оған штат саны жетіспейді. Бүгінгі күнге үлкен оқу орындарында дене шынықтыру және спорт мамандығын алып шыққан жастар жұмыссыз қалып қойып отыр. Осыны назарға алсаңыз, — деді алғаш болып сөз алған спорт ардагері Мықтыбек Алтыбай ақсақал.
Осы орайда аудан әкімі қазіргі таңда ауданда спортты дамытуға қажетті қаржы бөлініп, түрлі шаралар қолға алынып жатқанын айта келе, өзін көрсетіп, түрлі деңгейде жеңісті жолымен қуантып жүрген жастарға қолдау болатынын айтты.
-Жақсы нәтиже көрсетіп жүрген жігіттер мен қыздарымыз жетерлік. Соларға қолдау жасайтын боламыз. Сол үшін аудан спортын дамытуға қажетті ортақ жоспар жасауымыз қажет. Біздер тек бір мерекелер қарсаңында немесе жарыс алдында ғана қимылдай бастаймыз. Осының барлығын алдын ала жоспарлап қойсақ үнемі дайын болар едік. Сонда бюджет жоспарлағанда да осының барлығы ескерілетін еді. Біз нағыз патриоттарды тәрбиелеуіміз қажет. Ал нәтиже шығару үшін жоспарлы жұмыс қажет. Осымен аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі айналысқан жөн, — деді Бегзат Болатбеков.
— Жоспарлы жұмыс туралы айтып отырғаныңыздың жаны бар. Біздер әкімдік, спорт мектептері мен спорт кешендері бірігіп Қордай ауданы спортын дамыту концепциясын жасасақ. Сол аудан спортын түлетуге үлкен сеп болар еді. Осы орайда жас мамандарды әлеуметтік қолдайтын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша спортшыларға қолдау көрсетілсе. Өйткені мықты мамандарды тартпайынша жұмыста нәтиже болмасы анық, — дейді жаттықтырушы, №17 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Қайрат Жұманқұлов.
Кездесуге келген спорт мамандары ауданда тек жекпе-жек түріне бағытталған спорт түрлерін ғана емес жеңіл атлетика, гимнастика, үлкен теннис сынды спорт түрлеріне көңіл бөлінсе деген тілектерін де ортаға салды. Мәселен, үлкен теннистен жаттықтырушы Марина Мадышева осыдан алты жыл бұрын аудан орталығында спорт кешені жанынан ашылған үлкен теннис секциясының өзінің жеке корты жоқ екенін алға тартты. Ал, балалар қазір жақсы нәтиже көрсетіп жүр.
-Сіздер маман ретінде концепция жасаңыздар. Біз оны қарастырайық. Заңға сәйкес қолдаулар болады. Ал, үлкен теннис кортын жасау бойынша мәселені жеке назарыма аламын. Өзге де сұрақтарыңыз немесе ұсыныстарыңыз болса есігім әрдайым ашық. Сонымен қатар, фейсбук және инстаграм әлеуметтік желілерінде парақшам жұмыс істейді. Сонда жазыңыздар. Барлық сұрақ назардан тыс қалмайды, — деді аудан әкімі.
Жиын барысында аудандық орталық стадионды ретке келтіру, ат спортын дамыту, ұлттық спорт түрлерін қолдау сынды мәселелер көтеріліп, олар бойынша ұсыныс-тілектер де айтылды. Аудан басшысы тарапынан жауапты мамандарға тапсырмалар жүктеліп, кешенді жұмыс жоспары жасалатын болып шешілді.

Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.