Биылғы ауданымыздың 95 жылдық мерейтойына арналып, аудандық орталық кітапхананың «Коворкинг» орталығында Қордай жерінің тарихы, ел-жұртын шапқыншы жаудан қорғаған батырлар, өнер майталмандары, талантты, дарынды, танымал азаматтар туралы мәліметтер ұсынылған «Қордайым-құт мекенім» атты кітап көрмесі ұйымдастырылған.
Көрмеден Қазақтың барлық елді-мекені сияқты Қордай да көсегесі көгеріп, көрпесі ұзарып жатқан жерұйық.Талай-талай тарихи оқиғаларды бастан өткерген. Даласында ерліктің шежіресі әйгілі «Аңырақай» шайқасы болған, Әулиешоқысында қазақтың ең соңғы ханы Кенесарының ат тұяғының ізі жатыр. Шу бойының екі жағалауындағы қазақ-қырғызға билік айтқан би-шешен Ноғайбай мен Кебекбай, Өтеген батыр, күңгейінде қазақтың ұлы композиторы Кенен, Байсерке күйші, т.б. жайлы деректер жинақталған «Қордай ауданы» атты кітаптан хроникалық сипатта жазылған аудан тарихының жазбаларын оқып білуге болады. «Тұлғалар тұғыры» атты кітапта әйгілі Қордай асуының күңгей-теріскейінде өніп-өсіп жатқан ұрпақтардың ұраны болған, Жетісу мен Шу бойындағы Алашқа даңқы жайылған тарихи төрт тұлға жайлы Өтеген батыр, Кебекбай шешен, Ноғайбай би мен ақын-композитор Кенен Әзірбаев жайлы атақты жыраулар, белгілі қаламгерлер мен әдебиетші-ғалымдар әр кезеңде айтқан дастандары мен зерттеу мақалалары топтастырылған. Аты аңызға айналған батыр Өтеген Өтеғұлұлының 300 жылдығына орай шығарылған «Өтеген батыр» атты кітапта зерттеу мақалалары, өлең-жыр, толғау, дастандар мен аңыз әңгімелер және Өтегеннен тараған ұрпақ шежіресі берілген. Қазақ халқының бүкіл әншілік өнерін бойына сіңіре отырып, оның дамуына, кемелдене түсуіне зор үлес қосқан ерекше тұлға Кенен Әзірбаевтың «Жан серігім, домбыра» атты көптомдық шығармалар жинағын да осы көрмеден көруге болады. Бұл жинаққа ақынның халық арасында кең тараған әндерімен қоса, күйлері домбыраға лайықтап нотаға түсірілген күйде берілген. Кенекеңнің «Аңыздар сыры» жинағы да көрмеден орын алған. Жетісу күйшілік мектебінің негізін қалаушылардың бірі, қазақтың айтулы батыры Өтеген Өтеғұлұлының бесінші ұрпағы Байсерке Қылышұлының өмірбаяны, шығармашылығы, зерттеген авторлардың еңбектері ұсынылған «Байсерке күйші» атты басылымда жинақталған. Қазақтың ақын қызы Рза Қунақованың «Сағыныш» атты өлеңдер жинағы, Марал Ысқақбайдың «Ғашық боп көрмеген келіншек», «Қайта жанған жұлдыздар» атты кітаптары, Сансызбай Сарғасқаевтың «Жұмбақ қыз» атты балаларға арналған повестер жинағы, Ескен Елубаевтың «Балаларға базарлық» атты өлеңдер, ертегілер, жұмбақтар мен жаңылтпаштар жинағы кітапхана оқырмандарына ұсынылған.
Көрмеге қойылған таңдаулы шығармалар қатарында Несіпбек Дәутайұлының «Айғыркісі» атты екі томдық таңдамалы шығармалары бар. Талантты жазушы Несіпбек Дәутаевтың екі томдық таңдамалы шығармаларының 1-томына «Құдірет пен қасірет» романы, «Ақ күшік» хикаяты, «Айғыркісі», «Батыр» сынды оқырман қауымынан жоғары бағасын алған бірқатар әңгімелері енген. Құрманбек Әлімжанның «Қаламым – алтын қазығым» атты мақалалар мен журналистік зерттеулер жинағында киелі Қордай өңірінің терең тамырлы тарихы, республикаға белгілі танымал тұлғалар жайлы, еңбек адамдары туралы жазылған очерктер, сын мақалалар мен әңгімелері берілген. Осы автордың «Қазыналы Қордай» аталған кітабында танымал журналистің соңғы жылдарда облыстық «Ақ жол», «Арай», республикалық «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Жас алаш» т.б. газеттерінде жарияланған мақалалары топтастырылған.
Қордай – тарихы терең, тұлғалары биік, табиғаты таңғажайып, тұрмысы өте тамаша өлке туралы кітаптарды «Қордайым – құт мекенім» атты кітап көрмесінен алып танысуға болады.
Ұ.ЖАНҰЗАҚОВА, аудандық орталық кітапхананың библиографы