МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТЫҒЫНА ҮМІТКЕРЛЕР АНЫҚТАЛДЫ

0

17 қараша күні Тараз қаласындағы «Көне-Тараз» тарихи-мәдени кешенінде  «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ХХVІІ конференциясы өтті. Маңызды жиынға Қордай ауданынан партияның аудандық филиалының төрағасы Рүстем Дәулет, аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Дамира Сүгірбай және 11 делегат қатысты.

Мәжіліс депутаттығына үміткерлер анықталатын конференцияда ең алдымен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев партияның облыс бойынша Сайлауалды бағдарламасын бекітті. Бұдан кейін праймеризден үздік шыққан 15 үміткер жария пікірсайысқа түсіп, көпшіліктің назарына өздерінің сайлауалды бағдарламаларын ұсынды.

Конференция барысында үміткерлер зейнетақы жүйесін қайта жүйелеу, мемлекеттік тіл мен ұрпақ тәрбиесі, жер меселесі, медицина саласын білікті кадрлармен қамту, ауылдық жерлерге ғаламтор желісін тарту сынды түйткілдер төңірегінде сөз қозғап, мәжіліске өтсе нендей істерді қолға алатындарын атап өтті.

Сұрақ-жауап кезеңінде үміткерлер бір-біріне сауал жолдап, тұшымды жауаптар ала білді. Бұдан кейін Парламент Мәжілісіне үміткерлерге пікірсайыс қорытындысы бойынша дауыс беруге кезек беріліп, 120 делегат өз таңдауын жасады. Айта кетейік, дауыс беру электрондық түрде жүргізіліп, барлық үміткер LED-экран арқылы жинаған дауыстарын бақылап отыру мүмкіндігіне ие болды. Дауыс беру қорытындысында Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев 88 пайыздық (106 дауыс) басымдықпен жеке дара көш бастады. Ал «Жамбыл облыстық Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген 78 дауыспен екінші орынға табан тіреді. Үздік үштіктен 70 дауыспен «Мейірім» медициналық орталығының директоры Гүлдара Нұрымова көрінді. Төртінші және бесінші орынды облыстық «Қан орталығының» директоры Гулам Умаров пен Байзақ ауданындағы Диқан тірек мектебінің директоры Сұлтан Үсербаев өзара бөлісті. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бердібек Машбекұлы аталған бес кандидат Мәжіліске ұсынылатынын айтып, үміткерлерге сәттілік тіледі. Сондай-ақ аймақ басшысы Мәжіліс депутаттығына кандидаттар арасында әйелдер мен жастарға биыл белгілі бір деңгейде басымдық берілетіндігін көпшіліктің есіне салды.

Парламент Мәжілісіне үміткерлердің есімі белгілі болғаннан кейін партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев «Nur Otan» партиясы облыстық мәслихатының депутаттарын сайлау бойынша партиялық тізіммен таныстырды. Ал партия облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мәди Мәтен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ съезіне делегаттарды сайлау туралы хабарлама жасады. Съезге 20 «нұротандықты» «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов бастап баратын болады. Атап өту керек, аталмыш тізімге аудан әкімі Рүстем Дәулет те енді.

Партия облыстық филиалының кезектен тыс конференциясының қорытындысы бойынша арнайы қаулы қабылданып, айтылған ұсыныстар қаулығы енгізілді.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.