МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ҚОРДАЙ АУДАНЫНДА

0

Сәрсенбі күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова Қордай ауданына жұмыс сапарымен келді.

Гүлдара Алданышқызы аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбаймен бірге  алдымен Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Қордай ауданының мемлекеттік архиві» КММ қызметкерлерімен кездесті. Айта кетейік, аудандық архив қызметкерлері жуырда ғана жаңа ғимаратқа көшкен болатын. Мекеменің бүгінгі жұмыс барысымен басшысы Қатира Уәлиева таныстырды. Екі қабаттан тұратын ғимараттың іші соңғы үлгідегі техникалармен қамтамасыз етілген. Мұнда құжаттарды қабылдау бөлмесі, арнайы қоймалар және де мәжіліс залы бар. Қазіргі таңда аудандық архивте 13 қызметкер жұмыс істейді. Архившілермен жүздескен халық қалаулысы  архив ісіне қатысты өзекті мәселелерді талқылап, сала мамандарының сұрақтарына жауап берді.

Осыдан кейін Мәжіліс депутаты Қордай ауылындағы Өтеген көшесіндегі көпірдің, сонымен қатар Қарасу-Өтеген тас жолы аталған Республикалық маңызы бар жолдың жай-күйімен танысып, жобалық сметалық құжаттама әзірлеуге қаржы бөлу мәселесі бойынша жауаптылардан сұрады.

Келесі кезекте Гүлдара Нұрымова Қарасу ауылында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бой көтерген дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты. Жалпы құны 342 миллион теңгені құраған нысанның  құрылысын «Тараз-ҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Мұнда ауыл тұрғындары спорттың 10-ға жуық түрімен айналысуда. Заманауи спорт кешенін аралаған халық қалаулысы кейінгі жылдары бұқаралық спортты дамытуға барлық жағдай жасалып жатқанына тоқталып, кешеннің жұмысына сәттілік тіледі.

Гүлдара Алданышқызы жұмыс сапарын Қызылсай ауылы тұрғындарымен кездесумен аяқтады. №10 орта мектебінде өткен кездесу барысында жергілікті жұрт халық қалаулысына ауылға қатысты мәселелерден бастап  жеке сұрақтары бойынша сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптарын алды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.