МАҚСАТҚА АДАЛДЫҚ – ОФИЦЕРЛІК ЖОЛДЫҢ ӨЗЕГІ

0

Гвардия аға лейтенанты Ернұр Әбдешов үшін әскери қызмет жай ғана мамандық емес, саналы түрде таңдалған өмір жолы. Бала күнгі арман курсанттық шыңдалуға ауысып, бүгінде Гвардейск гарнизонында жалғасып келеді.

Гвардейск гарнизонының 82796 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген гвардия аға лейтенанты Ернұр Әбдешов – 1 ауыр келте зеңбіректі артиллериялық дивизионы 1 ауыр келте зеңбіректі артиллериялық батареясының командирі. Ол 2023 жылы Құрлық әскерлерінің Әскери институтын тәмамдап, офицерлік қызмет жолын бастаған жас командирлердің бірі.

Әскери қызмет – кездейсоқ таңдалатын жол емес. Бұл бағытқа адамды бала күнгі арман, отбасындағы тәрбие, мінезді шыңдайтын орта және ел алдындағы жауапкершілікті сезіну жетелейді. Гвардия аға лейтенанты Ернұр Әбдешов үшін офицер болу туралы шешім мектеп қабырғасынан бастау алған.

Оның айтуынша, әскери адам болуға деген қызығушылығы 6-сыныпта оқып жүрген кезінен қалыптасқан. Уақыт өте келе бұл қызығушылық нақты мақсатқа айналып, болашақ мамандығын таңдауда басты бағыт болды. Алайда әскери оқу орнына түсу туралы шешімін жақындарына айтқанда, бұл таңдауды бірден қолдағандар көп болмаған.

— Мен офицер болуды мектеп қабырғасында, 6-сыныпта жүрген кезімнен армандадым. Әскери оқу орнына түсу туралы шешімімді ата-анама, туған-туыстарыма айтқан кезде көпшілігі қарсы болды. Тек әкем ғана қолдайтынын жеткізді. Сол кісінің бір ғана жігерлі сөзі менің шешімімді нақтылай түсті. Менің мінезімнің қалыптасуына да әкемнің қатал, темірдей тәрбиесі үлкен әсер етті, — дейді жас офицер.

Осылайша, бала күнгі арман оны Құрлық әскерлерінің Әскери институтына алып келді. Ернұр үшін курсанттық кезең – мінез бен мақсат сыналатын, болашақ офицердің ішкі өзегі қалыптасатын маңызды уақыт болды. Әскери институт ол үшін жай ғана білім ордасы емес, мінез қалыптастыратын үлкен мектеп болды. Күн сайын курсанттар қатаң күн тәртібіне, командирлердің талабына, өзіне және жолдастарына деген жауапкершілікке үйренді. Дәл сол жерде Ернұр офицер болу ең алдымен формадан емес, ішкі өзектен басталатынын түсінді.

— Курсанттық өмір мені төзімділікке, шыдамдылыққа, адалдыққа үйретті. Әрқашан ел мүддесін жеке мүддеңнен жоғары қою керек екенін бойыма сіңірді. Ең маңызды өмірлік сабақтың бірі – адам шыдамды әрі төзімді болған сайын өз мақсатына жақындай түсетінін түсінуім, — дейді ол.

2023 жылы әскери институтты тәмамдаған жас офицер үшін қызметтің алғашқы кезеңі ерекше жауапкершілікпен басталды. Кеше ғана өзі оқу орнында білім алушы курсант болса, енді сарбаздарға бағыт көрсететін, жеке құрамға жауап беретін, шешім қабылдайтын командирлік міндет жүктелді. Оның айтуынша, офицерлік өмірдің басты айырмашылығы да осында.

— Офицерлік қызмет адамның білімі, мінезі және жауапкершілікті мойнына ала білуі қаншалықты мықты екенін тез көрсетеді. Ол курсанттық күндерден мүлде бөлек: оқу орнында сен тыңдаушы болсаң, әскерде өзің үйретесің, шешім қабылдайсың, жеке құрамды соңынан ертесің. Сарбаздар үшін сен — үлгі алатын командирсің, — дейді гвардия аға лейтенанты.

Ернұрдың офицер болып қалыптасуында командир-тәлімгерлердің орны ерекше. Солардың бірі — курсанттық жылдары рота командирі болған майор Бауыржан Нурниязов. Жас офицердің айтуынша, ол талапшыл әрі әділ командир болған. Курсанттардың бойынан болашақ офицерді көре білген, жеке құрамға шынайы жанашырлықпен қараған.

Әскери ортадағы мұндай үлгі адам жадында ұзақ сақталады. Ол тек қызметке ғана емес, адамдармен жұмыс істеу мәдениетіне де үйретеді. Кейін өзі командир болған кезде Ернұр сол көргені мен түйгенінің көп бөлігін жеке құраммен жұмыс істеудегі өз ұстанымына айналдырды.

Ернұр ауыр келте зеңбіректі артиллериялық батареяны басқарады. Артиллериялық бөлімшедегі қызмет дәлдікті, тәртіпті, есепті және жеке құрамның үйлесімді әрекетін талап етеді. Сондықтан батарея командирі үшін әрбір әскери қызметшінің даярлығы, өз міндетін білуі және берілген тапсырманы нақты орындауы маңызды.

Батарея командирі үшін сабақтарды ұйымдастырып, тәртіпті бақылау ғана жеткіліксіз. Жеке құрамды жақсы білу, сарбаздардың мықты және әлсіз тұстарын аңғару, дер кезінде бағыт беру, талап қою және қолдау көрсету маңызды. Оның ойынша, командир сырттай бақылаушы емес, бөлімшенің жанында жүріп, өзі үлгі көрсететін адам болуы керек.

Командирлік лауазым Ернұр үшін тек бұйрық беру құқығы емес. Бұл — ең алдымен адамдар үшін жауап беру міндеті. Ол офицерлік қызметтің басты мәнін де осыдан көреді: өзіне талапшыл, бағыныстылардың алдында адал және әскери борышқа берік болу.

— Құрлық әскерлерінің Әскери институтының курсанты болу — көп адамның арманы. Ал оның түлегі атану — үлкен мақтаныш, — деп атап өтті Ернұр.

Жас офицердің өміріндегі тағы бір маңызды кезең де осы оқу орнымен байланысты. Әскери институт сапында білім алып жүрген кезінде ол болашақ жары Анелямен танысқан. Курсанттық жылдары басталған таныстық кейін берік отбасылық өмірге ұласты. Бүгінде Ернұр мен Анеля Омар-Али есімді бір жасар ұл тәрбиелеп отыр.

— Жарыммен институтта оқып жүрген кезімде таныстым. Бір күні курстасыммен серуендеуге шыққанбыз. Досым сөйлесіп жүрген қыз өзінің құрбысын ертіп келді. Сол жерде танысып, кейін отбасын құрдық, — дейді ол.

Бүгінде гвардия аға лейтенанты Ернұр Әбдешов үшін әскери қызмет – балалық шақтағы арманның орындалуы ғана емес, күн сайын дәлелденетін жауапкершілік. Жас офицердің жолы – мақсатқа берік болудың, отбасы тәрбиесінің және әскери мектепте қалыптасқан мінездің нақты көрінісі.

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Бұл – ел тыныштығы мен тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жолында қызмет атқарып жүрген әрбір әскери қызметші үшін ерекше маңызға ие мереке. Еліміздің ең басты байлығы – бейбіт өмір. Сол бейбіт өмірді сақтау жолында әрқайсымыз өз міндетімізді адал атқарып, Тәуелсіз мемлекетіміздің сенімді қорғаны бола берейік, — дейді гвардия аға лейтенанты.

Оның бүгінгі қызметі офицерлік абыройдың ең алдымен сөзден емес, күнделікті еңбек пен жеке үлгіден басталатынын көрсетеді. Ернұр Әбдешов үшін елге қызмет ету – таңдаған мамандығына адал болу, жеке құрамға қорған болу және өзіне сеніп тапсырылған міндетті абыроймен атқару.

Leave A Reply

Your email address will not be published.