Махамбет ауданында Президент Жолдауының негізгі міндеттеріне арналған кездесу өтті

0

Атырау облысының Махамбет ауданында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген негізгі міндеттерді түсіндіруге арналған кездесу өтті.

«Өнерпаз» мәдениет үйінде ұйымдастырылған жиынға аудан тұрғындары, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Мұса Хайруллиев, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Назарбек Қосшиев және Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев қатысты.

Кездесуде халықтың әл-ауқатын арттыру, шағын және орта бизнесті қолдау, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері талқыланды.

Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев Жолдауда белгіленген экономикалық міндеттерге тоқталып, халықтың нақты табысын арттыру, инфляцияны тежеу, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Ал Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Назарбек Қосшиев әлеуметтік саланы дамыту, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру, балаларды оңалту қызметтерін жетілдіру мәселелерін көтерді.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығын қаржыландыру, өнімді сақтау және өткізу жүйесін дамыту, агрологистикалық орталықтардың шағын шаруашылықтарға қолжетімділігін қамтамасыз ету жайы сөз болды. Өңір үшін өзекті су ресурстарын тиімді пайдалану және су тапшылығының алдын алу мәселелеріне де ерекше назар аударылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.